Созақ ауданында газ құбырын тарту кезек күттірмейтін мәселе. Аудан халқының асыға күтіп отырған жаңалығы да осы. Автоматтандырылған газ тарату стансасының магистральды газ құбыры тармағын салу жобасы бойынша бүгінге дейін Жаңатас қаласына бұрылатын тұстан Созақ ауданына дейінгі магистральды газ құбыры мен АГТС құрылысы аралығына 840 дана электр бағаналары орнатылып, 15 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, 4 дана найзағайдан қорғау құрылғысы орнатылды. 43,8 шақырым құбырға арналған траншея дайындалып, автоматтандырылған газ тарату стансасының аумағы қоршалды.
Шолаққорған ауылынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан мал азығын дайындау мекемесінен Н.Төреқұлов атындағы мектепке қатынайтын балаларға арнайы көлік қарастырылған болатын. Қазіргі таңда мұнда балаларды мектепке тасымалдау жұмыстары қалыпқа түсті. Аққолтық елді мекеніндегі ауылдық клубтың құрылысы, жергілікті тұрғындарды интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесі жыл соңына дейін шешіледі. «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету, Шолаққорған – Түркістан бағытындағы жол жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Облыстық маңызы бар бұл жол облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде. 2021-2022 жылдары Ащысай–Ойық аралығындағы 15 шақырымға асфальт жабындысы төселген. Қалған бөлігіне асфальт төсеу жұмыстары жалғасын тапты.



