Қазығұрт ауданы – шаруаға өте қолайлы өлке. Сондықтан да мұнда экономикадағы оң қадамдардың бәрі ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке байланысты салаларда болып жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың мәлімдеуінше, Қазығұрт ауданы экономикасының көрсеткіші болып табылатын ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 10 айда 57,6 млрд. теңгені құрады.Былтырғы көрсеткіштерді алдыңғы жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,6 пайызға артса, өнеркәсіп өнімі көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 104,1 пайызды құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция 19,8 млрд. теңгеге орындалды. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер инвестициясы 16,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 51,9 пайызға артты.
Мақаланы жазу барысында Қазығұрт индустриалдық аймағында орналасқан бақша өнімдерінен табиғи шырын өндіретін «Көрік ШҚ» ЖШС-нің жұмысымен жақынырақ таныстық. Сарапхана ауылдық округіне қарасты Майлыошақ елдімекеніндегі индустриалдық аймақта екі гектар аумақты алып жатқан жобаның жалпы құны 589 млн. теңгені құрайды екен.
Серіктестік директоры Бағлан Ақбердиев 2018 жылдың наурыз айында жер телімін алып, құрылыс жұмыстарын жүргізуді бастаған екен. Қазан айында нысан толығымен аяқталып, кәсіпорын жұмысы іске қосылған. Қуаттылығы – тәулігіне 8 тонна шырын шығарады. Бүгінде мұнда 21 маман тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Өндіріс орны автоматтандырылған. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 100 мың теңгенің көлемінде. Жұмысқа негізінен жергілікті жастар тартылған.
Шағын зауыт заманауи технологиямен жабдықталыпты. Тікелей сығылған шырын шығаруға арналған құрал-жабдықтарды германиялық мамандар өздері әкеліп орнатып, жұмыстың жай-жапсарын үйретіп кеткен екен. Бүгінде зауыттың технолог және оператор жігіттері өз міндеттерін жақсы меңгеріп, кәнігі мамандарға айналып үлгерген. Сол себепті зауыт басшысы мұндағы жұмыс процесіне алаңдамай, тек шикізатты жеткізумен және дайын өнімді өткізумен айналысатынын айтады. Әрі есепші, әрі кеңсе менеджері саналатын көмекшісімен бірге барлық істі тап-тұйнақтай өзі атқарып келеді. Әмбебап болуына өзі оқыған заңгер мамандығының да көмегі тиюде.
Зауыттағы жұмысшылардың айтуынша, алдымен жеміс-жидек шикізаты сұрыптаушылардың көмегімен іріктеледі. Содан соң шикізат түкті жуғышқа келеді. Ол жерде жеміс-жидек автоматты түрде өзі жуылып тазаланады. Тағы да сұрыптаушылардың іріктеуінен өтіп, ұнтақтағышта майдаланып, барынша ұнтақталады. Соңында сорғыш арқылы сыққышқа келген шикізат сығылған соң, одан шырын пайда болады. Ешқандай концентрат қосылмайды. Бұдан кейін шырын арнайы зертханада тексеріледі. Одан өткен соң барып операторларға ыдыстарға құюға жіберіледі. Құйғаннан кейін бір апта бойы тағы да тексеріліп, содан соң барып қаптама басталады. Міне, осы кезде тауар таратуға дайын болады.
Ал, жүзімнен шырын дайындалатын болса, сығылып алынған сұйықтық алты ай бойы арнайы 200 литрлік цистернада тұндырылады. Жүзімнің технологиясының өзгешелігіде осында, міндетті түрде тұндырылып барып арнайы пакеттерге құйылуы тиіс. Қант қосылмайтындықтан, шырын үшін баудан алманың тәтті сорттары таңдалынып, аппаратпен тексеріледі, кез келген алма бұған жарамайды. Жұмыс аяқталған соң фильтрленген сумен құрылғылардың іштері күніге мұқият тазартылып отырады. Ал, ақаулы, жарамсыз боп қалған шырындар ыдыстарымен бірге қоқысқа тасталады.
«Делис» сауда белгісімен шығатын сусын химиялық қоспасыз дайындалатындығымен ерекшеленеді. Өндіріске пайдаланатын жеміс-жидектер аудан аумағынан табылады. Зауыт күніне 6 тонна шикізат қабылдайды. Мұндағы құрылғы сағатына мың литр шырын шығаруға қауқарлы. Осындай маусым кезінде сол алты тоннадан 3,5-4 тонна шырын алынады екен. Мұнда алма, алмұрт, қызанақ, жүзім, сәбізден шырынның түрлері жасалады. Дайын өнім еліміздің барлық аймағына таратылады. Сондай-ақ, көршілес Өзбекстан тарапынан да сұраныс жоғары. Бір айта кетерлігі, бұл жердегі бағасы қолжетімді. Шырынның сақталу мерзімі де сыртындағы ыдысына байланысты екен. Шыны ыдыстағы 2 жыл, ал, тетра пакеттегі 1 жыл ішінде пайдаланылуы тиіс. Қыста да шикізатсыз отырмайды, қоймада сақталған жеміс-жидектер кәдеге асады екен.
Реті келгенде айта кетейік, аудандағы 15 өнеркәсіп кәсіпорындарының өнім көлемі былтырғы жылдың 10 айында 11133,3 млн. теңгеге жетіп, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 97,6%-ға орындалды. Көптеген кәсіпорындардың өндіріс қарқынының өсуі, жаңа технологиялардың енгізілуі және технологиялық процесті модернизациялау өнеркәсіптік сектордың орнықты дамуына ықпал етеді. Сондықтан, ауданымыздағы өндіріс орындарын көбейту үшін «Қазығұрт» индустриалды аймағына инвесторлар тарту бағытында көптеген жұмыстарды атқаруда. Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында 35 гектарға «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылып, онда кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Яғни индустриалдық аймақтағы инфрақұрылым жүйелерінің қуатын ұлғайту арқылы қосымша кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуды жоспарланған болатын. Бүгінде 10,86 гектар жер телімінде 7,3 млрд. теңгелік 193 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба іске қосылды. Атап айтар болсақ, олар: «Асыл бастау.kz» ЖШС-нің «AQUA THE BEST» атауымен 0,5 — 1,0 — 5 және 19 литрлік ыдыспен ауыз су өндірісі, «CG Foods Central Asia» ЖШС-нің «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі, «Көрік ШҚ» ЖШС-нің «Алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығару» өндірісі, «Отырабат-Құрылыс» ЖШС-нің «Газобетон блогы» өндірісі, «ЮКГУ» ЖШС-нің «Газобетон блогы» өндірісі.
Сонымен қатар, ауданда шағын және орта бизнес саласы да қарқынды даму үстінде. Қазір мұнда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 11917-ні құраса, жұмыс істеп тұрған нысандардың үлесі – 98,6%. 15312 адам жұмыспен қамтылып, олардың өндірген өнім көлемі 83900 млн. теңгеге жетті.



