Созақ ауданында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 917 шақырымға жуықтайды. Оның 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар санатына кірсе, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТоқаевтыңҚазақстан халқына арналаған Жолдауында автожол құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігі айтылды. Осыған орай, 2025 жылға дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі индикаторлық көрсеткішін 95 пайызға жеткізу міндеттелді.
Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аудан аумағындағы елді мекен ішілік 30,4 шақырымды құрайтын 19 көшеге орташа жөндеу (13 көшені асфальттау, 6 көшеге қиыршық тас төсеу) жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралған болатын. нәтижесінде, Қайнар елді мекеніндегі 3 көшеге, атап айтар болсақ, Қайнарбұлық, Әділбеков, Мектеп-1 көшесіне, Жуантөбе ауылындағы 3 көшеге тас жол, Қайнар, Көктөбе, Қыземшек, Жартытөбе және Жуантөбе ауылдарындағы 13 көшеге асфальт жабындысы төселіп, пайдалануға берілді.
Аудандық бюджеттен 3 көшеге асфальт жабындысы, ал 1 көшеге тас жол салуға қаржы бөлініп, Таукент кентіндегі Кеңесбаев 1,4 шқ, Аққолтық елді мекеніндегі атауы жоқ №2 көшеге 0,9 шақырым, Созақ ауылындағы жаңа құрылыс №4 көшеге 0,88 шақырым асфальт жабындысы төселіп, пайдалануға берілді. Аққолтық елді мекеніндегі атауы жоқ №4 көшеге 0,48 шақырым тас жол төселіп пайдалануға тапсырылды.
Жалпы бүгінгі таңда аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 219 (54%) шақырымы асфальт болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 239,5 (59%) шақырым болған.Созақ ауылында 2021 жылы 5 көшеде орташа жөндеу жұмыстары бастау алған болатын. Аталған жұмыстар 2023 жылы да жалғасын табатын болады.
Ауданда Облыстық маңызы бар «Ұланбел–Созақ–Екпінді» автомобиль жолы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде. Басқарма тарапынан облыстық маңызы бар жолдарға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, Ыбырай ауылынан Қайнарға, Қайнардан Таукент кентіне дейінгі аралықтағы жөндеу жұмыстары, Созақ ауылынан Қарағұрға дейін, «Құмкент–Шолаққорған–Ащысай» бағытындағы автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарына «Шымкентдорстрой» ЖШС-і жеңімпаз деп танылған болатын. Аталған жолдарға жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Сонымен қатар Шолаққорғаннан Таукентке дейінгі жолды жөндеуге «Нұр Строй ЛТД» ЖШС-і жеңімпаз деп танылып, биыл асфальт төсеу жұмыстары басталған болатын. Аталған жұмыстар жалғасын табуда.