Биыл қыс қарлы болды. Сол себепті өңірімізде ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі бар. Осы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында облыста атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталсақ.
Түркістан облысы аумағында 41 су қоймасы, 12 су торабы, 120 өзен бар. Дәл қазір соның ішінде су тасқыны қаупі бар әрі осы жағынан алғанда ең өзекті болып тұрған Сырдария өзені. Жақында оның бойында тұрғызылған 97,5 шақырым қорғаныс дамбаларының жағдайы толықтай зерделенді. Соның нәтижесіне Шардара ауданы, Сүткент елді мекені тұсындағы ұзындығы 760 метр, ені 5-6 метр, ал, биіктігі 8 метр болатын қорғаныс дамбасы 154 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.
Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт сөндіру басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергеновтың мәлімдеуінше, өткен жылдың күзінде Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың тоспаларын бекіту, топырақпен нығайту жұмыстары биылғы жылдың қаңтар айларына дейін созылды. Қазіргі таңда мұнда тиісті жұмыстар толығымен аяқталды. Қандай да бір төтенше жағдай қаупі орын алған кезде Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендерде орнатылған «Үлкен су» локалды құлақтандыру жүйесі тексеріліп, дайындыққа келтірілген.
Ал, Шардара су қоймасының қазіргі жағдайына келсек, қойманың толуы бүгінгі таңда 77 пайызды, яғни 3997 млн. текше метрді құрап отыр. «Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда қоймада 1,5 есеге артық су жиналғанын көрсетеді», — дейді Асанғали Мәдиханұлы.
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев бүгінгі таңда елді мекендерді су басу қаупі жоқ екенін айтады. Және су ресурстары комитеті тарапынан осы жағдай бақылауға алынғанын айтады. Бүгінде «Қазсушар» мекемесінің барлық өндірістік бөлімшелерінде тасқын судың алдын алу бойынша қауіпті учаскелер қатаң бақылауға алынып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылған.
— Көксарай су реттегішіне алынып жатқан судың нақты көлемі – 1008,37 млн. текше метр. Бүгінде Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 600 текше метр, Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистральды каналына секундына 11 текше метр, Арнасай су торабынан Айдаркөл ойпатына 300 текше метр су тасталынуда, – деді Қазыбек Қошқарбекұлы.
Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт сөндіру мекемесі су шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп, су қоймалары мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Олардың берген мәліметіне сәйкес, бүгінге су қоймалардың толуы жалпы 30-35 пайызды құрайды, ал, таудағы қардың қоры күтілетін нормадан төмен.
Десек те, өңірімізде су тасқынына қарсы іс-шаралар бәсеңсіген емес. Биыл жоспарланған іс-шаралардың барлығына қажетті қаржы қаралып, 32 шақырым арнаны түзеу, 15 шақырым жағаны бекіту жұмыстары жүргізілуде. Қаңтар айында қардың көп түсуін және ылғал қорының жоғары көрсеткіштерін ескере отырып, 33 инженерлік іс-шарадан тұратын облыстық жоспар бекітілген. Сырдарияның бойында орналасқан елді мекендерде су басудың алдын алу мақсатында 100 шақырымға жуық қорғаныс дамбаларының жағдайы тексеріліп, 154 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды.
Өзеннің бойына белгілер қойылып, судың деңгейі мен мұздың қалыптасу жағдайына күнделікті бақылау жүргізілуде. Сырдариядан басталатын каналдардың тоспалары алдын-ала бекітілді. Құлақтандыру жүйесі дайындыққа келтірілген. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың алдын алуға 2022 жылы бюджеттен 462 млн. теңге бөлініп, тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. 1200 шақырымнан асатын 680 арық пен каналдар қоқыстан тазартылып, 1 мың шақырымға жуық қашыртқы арналар механикалық тазартудан өткізілді. Таулы аймақтар мен қауіпті өзендер және су қоймаларға аэровизуалды шолу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы облыс аумағында 111 гидротехникалық нысан бар. Комиссиялық құраммен барлығына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 12-сі жөндеуді қажет ететіні анықталған. Олардың басым бөлігі республикалық меншіктегі «ҚазСуШар» мекемесіне қарасты. Облыстық және жекеменшіктегілері де бар. Соның ішінде, республикалық меншіктегі «Шардара» су қоймасының толуы 77 пайызды құрады (3 997 млн. м3), өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық су жиналған. Көксарайдың жалпы жобалық сыйымдылығы 3 млрд. текше метрді құрайды, бүгінге 34 пайызы толтырылды (1 млрд. м3). Су реттегішінің қазіргі жай-күйі 2 млрд. текше метрге жуық суды жинақтауға мүмкіндік береді. Аталған мәселелерді ескере отырып, қыс-көктем кезеңінде тиісті реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Реті келгенде айта кетейік, Қапшағай су қоймасында соңғы 10 жылда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмай, жыл сайын ақаулықтар пайда болуда. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары басталып, биылғы жылға 871 млн. теңге қарастырылды. Коммуналдық меншіктегі «Бөген» су қоймасына 2022 жылғы күзгі нақтылауда жергілікті бюджеттен 108 млн. теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл коммуналдық меншіктегі «Ырмақ-Өзен», «Майдантал» су қоймаларының, Қараспан су торабының ағымдағы жөндеуіне 716 млн. теңге қарастырылды. Сондай-ақ, «Бөген», «Майдантал», «Ащы» су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 220 млн. теңге қаралды. Жекеменшіктегі 2 гидротехникалық нысанның («Шылбыр», «Сартөр» су қоймалары) иелерімен тиісті жұмыстар жүргізілді. Аталған бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда және тұрақты бақылауға алынған.
Айта кетейік, таяуда Арыс қаласында ең ірі тасқын суды өткізетін «Қабылсай» арнасын қоқыс пен топырақтан, қаумалап өскен ағаш-бұталардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды «Жасыл Арыс» КММ-нің жұмысшылары сол аумақта тұратын тұрғындарымен бірлесіп атқаруда. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасына сәйкес, арна бойындағы өздігінен салынған заңсыз нысандарға (қоралар, құрылыс объектілері, т.б) талдау жасалып, заң аясында тиісті шаралар жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда Арыс қаласына қарасты су қоймалары мен өзен-көлдердегі су деңгейі қадағалауға алынып, ондағы жағдайға күнделікті мониторинг жасалуда.