Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Бүгін сол Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы талқыланды. Аталған құжатқа сәйкес, алдағы 5 жылда Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне
– Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты дамытудың барлық жолы, тәсілі қарастырылады. Тұжырымдама нақтыланып, толықтырылады. Ол үшін мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, қайта өңдеу және өзге де салалар бойынша сарапшылардың ақыл-кеңесі назарға алынады. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өздеріңіз басқаратын аймақтың ерекшелігіне сай нақты ұсыныстарды берулеріңіз керек. Кейбір аудандарда агроиндустриалды аймақ ашамыз, кейбір аудандарда жеке шаруашылықтарға басымдық береміз. Қосымша жылыжай шаруашылықтарын дамыту үшін газ, энергия мәселелеріне жеңілдіктер қарастыру көзделіп отыр. Екіншіден, былтыр біраз ауданда ауыл шаурашылығы бойынша жоспар орындалмады. Инвестициялық жобалар аз. Сондықтан жауапты орынбасарға осы салаға қатысты жұмысты жандандыруды тапсырамын. Өз міндетін дұрыс атқармаған аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты басшылардың жұмысы қадағалансын. Биылға жоспарланған индикаторлар толық жүзеге асырылуы тиіс. Тұжырымдаманы толықтыру жұмысы жеделдетілсін. Бұл – облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін маңызды жоспар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, тұжырымдамаға сәйкес, АӨК негізгі капиталы мен тамақ өндірісіне тартылған жеке инвестициялар көлемін 6 есеге арттыру межеленген. Яғни, 84,9 млрд. теңгеден 481,1 млрд. теңгеге дейін көбейтілмек. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,03 трлн. теңгеден 2,12 трлн. теңгеге дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал АӨК қайта өңделген өнімдерінің экспорты 136,9 млн. АҚШ долларынан 310,5 млн. АҚШ долларына жетеді деген жоспар бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы егіс көлемі 869,8 мың гектарға жеткізіледі (2022 ж. 859,9 мың га), мақта дақылы 46,3 мың гектарға қысқартылып, дәнді дақылдар, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Жылыжайлар көлемі 1569 гектардан 2118,6 гектарға ұлғаяды (+ 550 гектар), қарқынды баудың көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға арттыру жұмысы жүреді. 5 жылда 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу, мақта шаруашылықтарын 2027 жылдан бастап жергілікті элиталық тұқымдармен 100 % қамтамасыз ету жоспарланған. 5 жылда жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу үлесін 0,23 %-дан 10 %-ға, ет өнімдерін өңдеу үлесін 12,3 %-дан 34,0 %-ға, сүт өнімдерін өңдеу үлесін 13,6 %-дан 31 %-ға ұлғайту көзделген.
Аудан, қала әкімдіктерінен алдын ала 2023-2027 жылдарға жалпы құны 320 млрд. теңгені құрайтын 109 жоба инвестициялық жоба тізімі анықталды. Оның ішінде биыл құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба енгізілген. Инвестициялық жобалар тізімін кеңейту, өзектендіру жұмыстары жалғасады.