ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Гүлнар Күнтуғанованың мәлімдеуінше, облысымызда 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 трлн 37 млрд. теңгені құраған. Нәтижесінде 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. Елдегі жалпы өнім көлемінің 12%-ы біздің өңірге тиесілі. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, бұл республикалық көрсеткіштің 31%-ын құрайды. Облыста ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің едәуір үлесі Сайрам (12%), Сарыағаш (11,5%) және Жетісай (10,2%) аудандарына тиесілі. Өңірде ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егістік алқабы 861 мың гектарға жетіп, 2021 жылға қарағанда 1,8%-ға ұлғайғандығын көрсетіп отыр.
Жалпы елдегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында. Өңірімізде жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді. Қазір өңір диқандары көкөністерді өсіріп, көктемде нарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Сарыағаш ауданы, Қабланбек ауылдық округі аумағындағы «Занджаниджад» шаруа қожалығының басшысы Занджаниджад Рустемнің айтуынша, жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қиын. Төзім мен еңбекті талап етеді. Күндіз-түні от жағу, жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес.
— Бұл – отбасылық бизнес. Диқаншылықпен 30 жылдан бері айналысып келеміз. Қараша айында қызанақ тұқымын септік, желтоқсанда жылыжайда көшетін отырғыздық. Наурыз айының соңында өнім аламыз деген үміт бар. Қызанақ егу, оны өсіру жұмыстары жүріп жатыр. Қызанақтан бөлек гүл өсіруді де жоспарлап отырмыз, – дейді диқан.
2005 жылы құрылған шаруа қожалығында 1,5 гектар аумақта жылыжай салынған. Кәсіпкер бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ өсірумен айналысатын жылыжайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған жылыжай жылына 200 тонна қызанақ өндіруге қуатты. Өнім кәсіпкерлер арқылы негізінен Ресейге экспортталады.
Сарыағаш ауданының экономикасын дамытудағы негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Аудан аумағында орналасқан 683,2 гектар жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, аскөк, баклажан, түсті қырыққабат, құлпынай және гүлдер өсіріледі. Қазір өңірімізде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында агроиндустриалды аймақ құру жоспарланған. Сол арқылы өңірдегі жылыжайлар көлемін 690 гектарға ұлғайтып, 2259 гектарға жеткізу көзделіп отыр.
Жалпы аудан аумағында жылыжай көлемі 683,2 гектарды құрайды. Жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, көкот (зелень), баклажан, түсті қырыққабат, құлпынай және гүлдер өсіріледі. Бүгінгі таңда шаруалар жылыжайларға егін егу жұмыстарын бастап кетті. Оның ішінде алғашқылардың бірі болып егін егу жұмыстарын жүргізуді қолға алған Құркелес ауылдық округіндегі «Нормад» шаруа қожалығында болгар бұрышы егілген. Ал, Қабланбек ауылдық округіндегі «Ханзада» және «Берік» шаруа қожалықтарында қызынақ және қияр көшеттері отырғызылуда. Қазіргі уақытта 210 гектардан астам жылыжай кешендерінде шаруалар тарапынан жаңадан егін егу жұмыстары жалғасуда.
Реті келгенде айта кетейік, сарығаштық шаруалар қыста да құлпынай өсіруді тоқтатқан жоқ. Қазір де шаруалар ерте пісетін құлпынай өнімін саудалап мол табыс табуды жоспарлауда. Айта кетсек, қазіргі таңда аудан аумағындағы 271 га астам жерге құлпынай көшеті егілген. Олардың басым бөлігі «Жабай ата», «Абдурахман», «Agro tur» шаруа қожалықтарында өсіріліп, ішкі нарықта саудалануда. Айтуларынша, құлпынай өніміне сұраныс еліміздің ірі қалалары және аудан аумағындағы кәсіпкерлер мен тұрғындардан келіп түсуде. «Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» диқандар иелігіндегі жерлерден жылдық азық жинауға бел байлап, құлпынайды құлпыртып, бүгінде кәсіптерін жандандырып отыр.