Елімізде ауылды дамытудың алдағы 5 жылға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
— 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласы жоғары өсу қарқынын көрсетті, жалпы өнім көлемі 9 пайызға өсті. Кейінгі 10 жылда біз астық дақылынан ең жоғары өнім алдық» дейді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.Скляр. Оның айтуынша, 5,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне өтті. 2023 жылы тағы 5 миллион гектар жер қайтарылмақ. Бұдан бөлек, жалпы сыйымдылығы 201 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Азық-түлік қауіпсіздігі жоспары мен қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Нәтижесінде азық-түлік өндірісі 4 пайызға өсті.
Айта кетейік, жалпы ауылшаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. Елдегі жалпы өнім көлемінің 12%-ы біздің өңірге тиесілі. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, бұл республикалық көрсеткіштің 31%-ын құрайды. 2022 жылы саладағы өнім көлемі 1 036,6 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды.
— Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7% болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4%-ды құрады. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді, — дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалда 2022 жылдың қорытындысы мен әлеуметтік дамуы бойынша берген есебінде.
Егіс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға егін егілді (2021 ж. – 845,5 мың га). Оның ішінде:
дәнді және бұршақтық дақылдар – 313,7 мың га;
Мал азықтық дақылдар – 220,9 мың га;
Картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 119,4 мың га;
майлы дақылдар – 79,9 мың га.
Сондай-ақ, 126,3 мың гектарға мақта егілді. 72,3 мың тонна минералды тыңайтқыш 50% жеңілдікпен тауар өндірушілерге жеткізілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 96 мың тонна жанар-жағармай босатылды.
Агротехникалық іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі гектарына 4,9 центнерге артып (гектарына 24,8 центнерден), 778,0 мың тонна өнім өндірілді.
Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді. Оңтүстік өңірінде ауа-райы қолайлы болғандықтан, мұнда «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағдарламасын жүзеге асыру да жолға қойылған. Айталық, аталмыш бағдарлама бойынша 123 ауыл округінде 8,4 мың гектарды құрайтын 2 911 жоба жүзеге асырылып, 294 мың тонна өнім өндірілді.
Сондай-ақ, шитті мақтаның түсімділігі гектарына 2,4 центнерге артып (гектарына 28,6 центнерден), 362,0 мың тонна «ақ алтын» жиналды. Облыста қарқынды бау 4,7 мың гектарды құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баудан гектарына 300-350 центнер өнім алынуда. Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша да облыс алдыңғы қатарда, өндірілген мақтаның – 100%-ы, жүзімнің – 76%-ы, бақшаның – 64%-ы, жеміс-жидектің – 40,0%-ы, мақсарының – 29%-ы, жүгерінің – 26%-ы, көкөністің 25%-ы Түркістан облысының үлесінде.
Аграрлық салада еңбек өнімділігін арттыру, суармалы су тапшылығын төмендету мақсатында жылыжай шаруашылықтарын дамыту және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Су үнемдеу технологиялары 7,2 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 30,3 мың гектарға жетті. Оның ішінде тамшылатып суару технологиясы – 26,1 мың га, жаңбырлатып суару технологиясы 4,2 мың гектарды құрады.
Жылыжайлардың жалпы көлемі 101 гектарға жетіп, жалпы көлемі 1 569,0 гектарды құрады. Елдегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында.
Енді алдағы уақытта осы бағытта атқарылатын шараларға да тоқтала кетейік. Мәселен, Мақтаарал ауданында мақта кластері бойынша жоба жүзеге асатын болады. Оған Өзбекстанның «GLOBAL TEXTILE» компаниясы ниет білдіріп отыр. Алдымен жоғары сұрыпты мақта егіліп, өнім алынады. Оны өңдейтін кәсіпорын салу жоспарда бар. Ал, Мақтаарал және Шардара ауданы диқандары үшін тиімді жобаның бірі – жүгеріні терең өңдеу зауыты.
– Мақтааралда жүгеріден 29 түрлі өнім шығаратын зауыт ашу үшін жұмыс жүріп жатыр. Жоба жүзеге асқанда жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады. Егістікті әртараптандыру қажет. Былтыр біздің мақтаны көрші елдің біраз фабрикасы сатып алудан бас тартты. Сондықтан сапаны арттырған жөн. Ол үшін өткен жылы Түркиядан жоғары сапалы шитті мақта тұқымын алып келу үшін келісімшарт жасалды. Мақтааралдың әлеуеті жоғары. Мұнда еңбекқор халық тұрады. Ел Президентінің тапсырмасымен «Дарбаза –Мақтаарал» теміржолының құрылысы жүреді. Саяси шешім қабылданып, экономикалық және техникалық негіздемесі әзірленуде. Бұл бастама аймақтың дамуына тың серпін береді, – деген Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің тікелей атсалысуымен «Жаркент крахмаль зауыты» ЖШС өңірде өз жобаларын жүзеге асырмақ. Бірінші кезеңде Мақтааралдағы 20 гектар жерге жүгері егіледі. Ол нарықтағы тиімді бағамен сатып алынады. Ал, негізгі кезең бойынша Шардара ауданында крахмаль зауыты салынады деп жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 26 млрд. теңге. 500 адам жұмыспен қамтылады.
«Nurym group» ЖШС Арыс қаласы аумағында жаңбырлатып суару әдісімен 4500 гектар жерде мал азығын өсіруді жоспарлап отыр. 30 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар аталған компания 15 млрд. теңге инвестиция салып, 50 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуға ниетті. Шардарада көкөністі терең өңдеу зауытын іске қосу, кластерін дамыту, Келес ауданында күн электр стансасын салу, Түркістан қаласында таунхаустар салу, сауықтыру орталығы бар 3 жұлдызды қонақүй салу және өзге де салалар бойынша тың жобалар 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асатын болады деп жоспарланған.