Бүгінде Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында қала аумағындағы 25 сауда орнымен келіссөздер жүргізіліп, меморандум түзілді. Сала мамандарының айтуынша, меморандум бойынша келісімге отырған дүкендер азық-түліктің бастапқы бағасына 15 пайыздан артық үстемақы қоймауы шарт. Бағаның өсуі анықталған жағдайда келісімге тұрған дүкен иесіне әкімшілік шара көріледі.
Бұдан бөлек, азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында орталықта 13 әлеуметтік дүкен және 27 сауда орнында «Әлеуметтік бұрыш» ашылған. Қазіргі таңда меморандум аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы құрылған жұмысшы топ бақылау жүргізуде. Жұмысшы топ Түркістан қаласы әкімдігі мен Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының қызметкерлерінен құралған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі берген статистикалық мәліметке сәйкес Түркістан қаласы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) баға индексі бойынша Қазақстанның қалаларының ішінде 18-ші орында тұр (100,5%). Ал, республика бойынша ӘМАТ-тың баға индексі 100,3%-ды құрайды. Осыған орай, тұрақтандыру қорында жалпы құны 1 856,4 млн. теңгенің азық-түлігі бар. Оның ішінде қоймаларда 343,8 млн. теңге болатын тауар бар. Сондай-ақ, «Айналым схемасы» аясында да құны 1 512,6 млн. теңге болатын азық-түлік тауарлары сақталуда.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласында барлығы 25 ірі супермаркет, 3 көтерме сауда орны және 187 дүкен жұмыс істейді.
Жалпы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған мұндай шаралар облыстың барлық аудан, қалаларында атқарылуда. Осыдан біраз уақыт облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолданыстағы тәсілдерді күшейтіп, бағаны тұрақтандыру бойынша нақты нәтиже беретін тетіктер табуды тапсырған болатын. Сондай-ақ, халықты қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуды күшейтіп, аудан, қала әкімдіктері ауыл шаруашылығы өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне тікелей өткізу жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыруды міндеттеген-ді.
– Әрбір тауардың бағасы бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Азық-түлік бағасын бақылау, оның өсуіне жол бермеу жұмыстары әлі де көңілдегідей емес. Нақты нәтиже аз. Жәрмеңкелер де өз нәтижесін бермей отыр. 2019-2021 жылдары 14 әлеуметтік дүкен ашылып, одан кейін мұндай дүкен ашу ісі тоқтап қалған. Ондай дүкендер биыл ғана көбейгелі отыр. Осы салаға жауапты орынбасарым мен жауапты басшыларға азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің алдын алу, мониторинг жұмысын күшейтуді тапсырамын. Қоймадағы азық-түліктердің аудан, қалаларға әділ бөлінуі, таратылуы қадағалансын. Екіншіден, Түркістан – еліміздегі ең азық-түлік көп өндірілетін, көкөніс пен жеміс-жидек көп өсірілетін әрі бағасы арзан өңір. Бірақ, статистикада қымбат аймақтар қатарында тұр. Сондықтан статистикалық сараптама жасау жұмысын да бір қарап шығу керек, – деген болатын өңір басшысы.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы белгіленген бағада сауда жасайтын әлеуметтік дүкендер санын 13-тен 50-ге жеткізу көзделген. Бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізетін мониторингтік топтар жұмыс атқаруда. Бағаның негізсіз өсу фактілерінің жолын кесу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-ға дейін қосуға жол бермеу үшін сауда желілерімен, тауар өндірушілермен, үй жанындағы дүкендермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйымдарымен тұрақты негізде меморандумдарға қол қойылады.
Қазір облыс бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия отырысы аптасына 3 рет өткізілуде. Делдалдық схемаларды анықтау жұмыстары күшейтілген. Мониторинг және талдау нәтижесінде бірқатар сауда орындарында сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің айналым схемасы мен форвардтық шарттар қатысушыларының сауда желілеріне көкөніс өнімдерін тікелей жеткізуі есебінен қаланың ірі супермаркеттерінде көкөніс бағасы төмендеді. Түркістан қаласының тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін қала аумағында 25 ірі супермаркет, 3 көтерме сауда орны және 187 дүкен қызмет көрсетуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында бастапқы бағасынан 15 пайыздық үстемеақыдан асырмау қажеттігі туралы 25 әмбебап дүкен иелерімен меморандум түзілді.
Өңірде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 99,3 мың тонна қоры бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 түрі облыста өндіріледі. Қант, рожки, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы көрші өңірлерден тасымалданады. Облыс тұрғындары өңірде өндірілетін құс етімен – 11,7%, жұмыртқамен 45% қамтамасыз етіледі. Осыған орай құс шаруашылығын дамыту бағытында биылдан бастап, жалпы құны 17 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олар Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарында орналасады.
Болжам бойынша биыл 20 мың гектар жерге ерте пісетін дақылдар егіліп, сәуір-шілде айлары аралығында 460 мың тоннаға жуық өнім жинау (200 мың тонна қырыққабат, 30 мың тоннадан астам сәбіз, 55,5 мың тонна пияз, 186,3 мың тонна картоп) жоспарлануда.
Реті келгенде айта кетейік, Келес ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма салынады деп жоспарлануда. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың мәлімдеуінше, жалпы құны 650 млн. теңгені құрайтын бұл жоба жеке кәсіпкер Нұржан Умаровтың бастамасымен қолға алынуда. Егер жоба нақтыланатын болса, 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, мұның азық-түлік бағасының тұрақталуына да оң әсер етері сөзсіз. Сыйымдылығы шамамен 1000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда бастаманы жүзеге асыру бойынша тиісті шаралар жүргізілуде.
Биыл ауданда ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру зауытының құрылысы басталады. Бүгінгі таңда Келес ауданында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 107,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,2 млрд. теңгеге артқан. Кәсіпкерлік саласы бойынша былтыр жалпы құны 70 млн. теңгені құрайтын екі жоба іске асқан. Сондай-ақ барлығы 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылған.
– Келес ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ ретінде танылған. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы осы салада өндірілген өнім көлемі 70,4 млрд. теңгені құрады. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарға кеңейтіліп, 1,8 мың гектарға артты. Биыл ауданымызда инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға басымдық бере отырып, бірқатар жобаларды жүзеге асырмақпыз, –деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.