Ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселенің бірі ағын судың жетіспеушілігі. Бұл әсіресе, Отырар, Жетісай, Келес сияқты аудандарда жиі сезіледі. Оған трансшекаралық аймақтардан өтіп келетін судың жаз, күз мезгілдерінде тым аз келуі және бар суды тиімді пайдалануға келгенде кейбір каналдардың талапқа сай тазаланбайтыны себеп. Осы мәселелерді оңтайлы шешу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен біраз каналдар бетондалып, ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие бес ірі жоба қолға алынды. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 261 миллион текше метр қосымша ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие бұл 5 ірі жоба бүгінде жүзеге асырылуда.
Айталық, «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталып, қала аумағындағы 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Нәтижесінде жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемделетін болды. Сондай-ақ, сол каналдың су өткізу құрылымдарына австралиялық «Рубикон Воутердің» тәжірибесімен автоматтандыру жүйесі орнатылды. Сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кең-сай – Қосқорған – 2» су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба аясында жылына 31,0 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізілетін болды. Сонымен қатар, «Боралдай» су қоймасын, «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жоспарда бар. Кентау қаласындағы «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» жобасы да іске асырылуда. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістан өңірі кепілді ағын сумен толыққанды қамтамасыз етілмек.
Бұдан бөлек, 2022 жылы облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаралып, Отырар ауданындағы су нысаны күрделі жөндеуден өтті. Алты су нысанына – Қазығұрт ауданындағы Р-4-4, Р-2 және облыстық коммуналдық меншіктегі Ордабасы ауданындағы «Бөген», Сауран ауданындағы «Қошқорған» су қоймалары, Ордабасы ауданындағы «Қараспан» су торабы мен Түркістан магистральды каналына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданының коммуналдық меншіктегі 141 шақырымды құрайтын барлық 54 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 13 мың гектарға жуық жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.
Реті келгенде айта кетейік, жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Тұран су» мекемесіне арнайы келіп, алдағы егістік науқанына, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларымен жан-жақты танысты. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары Арман Жетпісбай мен Ермек Кенжеханұлы да қатысты. Сонымен бірге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен «Қазсушар» РМК өкілдері қатысқан кездесу барысында «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Асылбекұлы мекеменің негізгі міндеттері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.
Кәсіпорынның негізгі міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту шараларын жүзеге асыру. Сондықтан облыс басшысы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде су мөлшері деңгейінің көтерілуін қадағалау, су тасу қаупінің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы, вегетациялық кезеңде өңір шаруаларын қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Жауапты науқан басталар тұста яғни көктемгі кезеңге су нысандарының дайындығын бағамдаған облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
«Тұран су» мекемесінің теңгерімінде стратегиялық маңызға ие ірі 12 су нысаны бар. Ал, жалпы 5 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистральды канал, 1 жасанды көл және 107 ішкі шаруааралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы, 79 арнайы техника мен 15 құрал-жабдық мекеме теңгерімінде тұр.
Қазіргі таңда мекеме көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Биыл бірқатар канал тазаланады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын теңгеріміндегі каналдарға (жалпы ұзындығы 1120 км) механикалық тазалау жұмыстары жүргізілмек. Сонымен бірге иесіз, құжаты жоқ шаруааралық каналдарға (40) мемлекеттік акт жасап, кәсіпорын теңгеріміне қабылдау жұмыстарын атқару да жоспарланып отыр.
Жалпы қазіргі таңда облыста облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, ағын су тапшылығының алдын алу бойынша өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында 1200 шақырымды құрайтын 680 арық пен канал қоқыстан тазартылып, ұзындығы 952 шақырым болатын арналар механикалық тазартудан өткізілді. Айта кетейік, соның ішінде Төлеби ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органның назарында. Осы мақсатта Кемеқалған ауылдық округіндегі Қарақуыс су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Су айдынының сыйымдылығы – 1040 мың текше метр, жалпы аумағы 13 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 123 млн. теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Былтыр Төлеби ауданындағы Қыр каналының жарамсыз қалған 6 дана лотогының орнына 11 метрлік құбыр орнатылды. Сонымен қатар, Атбұлақ, Озерный, Планировочный каналдары және Кент магистралды каналының 480 метр аумағы қалпына келтірілді. Тесіктас, Горный камень, Айналма және Блюскен-1 каналдары жөндеуден өтті. Көксәйек, Қасқасу, Қаратөбе, Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты Жіңішке, 8-март, Көксәйек, Кент, Қара-Шора, Ұзын, Таш, Төңкеріс каналдарының 6,5 шақырымы, Науытсай, Жаманжар, Аққұм ішкі және Момынайтас каналдарының 12,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.