Биылдан бастап ауыл шаруашылығы министрлігі маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына дизель отынын бөлудің жаңа тетіктерін іске қосады. Ведомство дизель отынын бөлудің барлық процестерін, оның ішінде дизель отынын жеткізу жөніндегі операторларды айқындау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін және операторларды айқындау шарттарын, сондай-ақ, дизель отынының көлемін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде электрондық қалыптастыру және бөлу процесін қамтитын қағидалар жобасын әзірледі.
ҚР Ауылшаруашылығы министрілігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, шаруалар үшін жанармай көлемін қалыптастыру және бөлу ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша 1 гектарға дизель отыны шығысының нормативтеріне сәйкес, егіс алқаптарын ескере отырып жүргізіледі. Дизель отынын алушылардың тізілімі gosagro.kz. порталында автоматтандырылған режимде жасалады. Құжаттың жобасымен «Ашық НҚА» порталында да танысуға болады. Айта кетейік, дизель отынын электрондық бөлуді СБМАЖ-ға республика өңірлерінде пилоттық режимде сынақтан өткізгеннен кейін ғана енгізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, өңірімізде дала жұмыстарына дайындық жұмыстары басталып кетті. Айталық, Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында жалпы 52800 гектар жер бар. Оның ішінде 20796 га суармалы жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Осы бағытта дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникаларының көмегімен 18818 га жер жыртылды. 17 мың гектарға күздік бидай егу жоспарланса, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Қарамұрт, Ақбұлақ, Жібек-жолы, Қарасу және Манкент ауылдық округтерінде нақты 10481-і егілді. Қалған егістік алқаптарына жаздық арпа және майлы дақылдарды егу көзделуде.
Сонымен қатар, аудан аумағында көп жылдық мал азықтық дақылдар 15900 га, оның ішінде жаңа жоңышқа 3530 га, картоп 4100 га, көкөніс 5923 га және де басқа дақылдар егіледі деп күтілуде. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қажетті тұқым көлемімен толық қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағада жанар-жағар май, 50 пайызы мемлекеттен субсидияланатын минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар майды белгіленген базалар арқылы алу мәселелері агроқұрылымдарға түсіндірілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан анықталған «Майсс» және «MTS XXI» ЖШС-тері арқылы 1885 тонна жанар-жағар май таратылатын болады.
Түркістан облысында жалпы егіс алаңы артып, 860 мың гектарды құрады. Өңірде көктемгі дала жұмыстары белсенді жүруде. Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, 318 мың гектарға жеткізілді.
Сондай-ақ мал азықтық дақылдары, көкөніс, картоп, бақша дақылдары артты. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында биыл ерте пісетін қырыққабат 7,5 мың гектарға, сәбіз 1,2 мың гектарға, пияз 1,9 мың гектарға, картоп 9 мың гектарға егіледі. Болжам бойынша сәуір-шілде айлары аралығында 459,3 мың тн. өнім жинау жоспарлануда.
– Дала жұмыстары бойынша барлық аудан жоспарды орындауы тиіс. Кейбір аудандарда көрсеткіш төмен екенін көріп тұрмыз. Жұмысты жандандырыңыздар. Жаздық дақылдарға арналған алқаптарды әзірлеу, сор шаю жұмыстарын жеделдету керек. Шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болады, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 6440 тонна ерте пісетін көкөніс өнімдерін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісім шарттарға қол қойылды.
Бүгінгі күнге Жетісай, Мақтаарал аудандарында 100 гектарға қырыққабат егілді. Күздік астық көлемі – 189,3 мың гектар. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 48,2 мың теңге арзан бағамен жанармай бөлінді.
– Мұнай өңдеу зауыттарынан ақпан айына бөлінген жанар-жағармайды операторлар тарапынан сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Агроқұрылымдарға литрі 200-202 теңгеден босатылатын болады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін несиелендіру жұмыстары облыста алғашқы рет желтоқсан айында басталды. Несие серіктестіктері арқылы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 4,55 млрд. теңгеге 526 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі несиелендірілді. Қосымша 4 млрд. теңге қаржы қажеттілігі жөнінде ҚР АШМ-не ұсыныс енгізілді, – деді Н.Мырзахметов.
Облыс бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті масақты дақыл, мақсары, мақта, жоңышқа және жүгері тұқымдары бар. Тұқым шаруашылықтарын қолдауға облыстық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінді.
Мақта егу науқанын тиімді жүргізу мақсатында жыл басында Қазақстан мен Түркия арасындағы тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы арнайы Меморандумға қол қойылды. Қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен Түркия Республикасынан шақырылған «PROgen» компаниясы аурулар мен зиянкестерге төзімді 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын жеткізуге қол жеткізілді. Нәтижесінде 40 мың гектар мақта алқабы элиталық тұқыммен қамтамасыз етіледі.
Облыста 500 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50%-ын субсидиялауға 6,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 331,3 мың гектар егістік алқаптар тыңайтылады.
Облыс аумағында минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум рәсімделді. Меморандум негізінде «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қуаттылығын есепке ала отырып, облысқа жалпы көлемі 60 мың тонна аммиак селитрасын жеткізу келісілді. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күнге «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасының қаулысы қысқа мерзім ішінде бекітіліп, өтінім қабылдау басталды.
Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдауға 600 млн. теңге, басым дақылдардың өндірісін субсидиялауға 432,1 млн. теңге, сатып алынған пестицидтер мен биогенттерді 50% субсидиялауға 372 млн. теңге, ағын суды жеткізу құнын субсидиялауға 150 млн. теңге, ауыл шаруашылғы техникаларының 25% құнын субсидиялауға 1,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды.
Биылдан бастап барлық мемлекеттік қолдаулар субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі gosagro.kz веб порталы арқылы тегін жүргізіледі. Облыста 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Дала жұмыстарына техникалардың дайындығы толық дайын. Биыл 1346 бірлік жаңа техника сатып алынады.