Қазіргі таңда кәсіптің көзін тауып, айтарлықтай пайдасы болып жатса әрі қарай дөңгелетіп, негізгі жұмысымен қатар алып жүрген еңбекқор адамдар аз емес. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің кәсіби фотографы Нақып Шынтеміров туралы болмақ.
Тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан жоғары оқу орнының бүкіл іс-шарасы, жиналыстары, форумдары, конференциялары әлбетте Нақып ағайсыз өтпейді. Нақып Шынтеміров негізгі кәсібімен шектеліп қалмай, үйіргелік бау-бақшадан мол өнім алып, шаруасын дөңгелетіп отырғанын көп ел біле бермес.
Әріптесіміз сондай-ақ, асыл тұқымды занин ақ ешкісін өсіріп, бүгінде олардың санын 50-ден асырып отыр.
– 2021 жылдың қаңтар айында біз жаңа үйге қоныс тептік. Негізі жаңа жерге көшсең жаңа өмірге мотивация пайда болып, жаңа идеялар ойға келіп, әр істі сүйсініп, ерекше құлшыныспен бастағың келіп тұратынын байқадым. Содан балаларымызбен ойласа келе, ешкі асырауды жөн көріп, аулаға кеңдеу етіп қора салдық. «Есің кетсе, ешкі бақ» деген рас екен, алғаш 50 мың теңгеден сатып алған 2 ешкіден басталған шаруашылығымыз келесі көктемде кеңейе түсті. Ешкілеріміз егіз-егізден, үшеуден төлдеп сала берді. Бұл менің одан сайын қызығушылығымды арттырып, ешкі малын зерттеуге кірістім.
Ешкінің сүті жұғымды, тіпті ана сүтін алмастыра алады екен. Оның құрамындағы май сіңімді әрі адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Ешкі сүтінің құрамында кальций мен фосфор минералдық заттарының мол болуы балалардың сүйектерінің жақсы қалыптасуына пайдасы орасан зор деседі. Ешкі сүтін түрлі ауруларды емдеу үшін де қолданады. Ешкіде өзге малдарға тән аурулар да кездеспейді.
Асыл тұқымды ешкілердің бағасы қымбат болғанымен, сүтті жақсы береді. Әсіресе, оның бал қаймақтай жұғымды айранын айтсаңызшы. Таза табиғи өнімді балаларыңмен бірге ішкен сайын тынысың ашылады. Жеңгең де бұл шаруаны үйіріп алып кетті. Мол сүт-айраннан сары май пісті, дәмі тіл үйірер құрт жасады. Не керек, аузымыз аққа жарыды. Ешкі сүтінің бағасы негізі сиыр сүтіне қарағанда қымбат жүреді. Кей жерлерде литрі 800-1000 теңгеден болса, біз қанағат етіп, сұраған көрші-қолаңға, айналамызға 400 теңгеден береміз.
Қорада секектеп өскен лақтарымды еркелетіп мен суретке түсірем, қозы-лақтың ойнақтағанының өзі бір ләззат! Оларға сұлы, бидай, арпа мен жүгеріні талқандап, жоңышқа мен жантақты майдалап турап беріп бағамыз, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, сонымен Нақып ағамыздың келесі сүйікті кәсібіне айналған істің бірі – шылаушын құртын өсіру. Әлгі басына құт болып келген жаңа қоныстың кең жеріне Нақып Шеріұлының шылаушын өсіріп жатқанын алғаш естігенімізде түсінбей аңтарылып қалғанымыз рас. Бірақ, фотограф ағайдың әлеуметтік желіге жүктеген фотоларына, оның ішінде ауласындағы әсем гүлдердің, жүзім бауының жайқалғанына қарап «қалай өсірген?» деп қызығатын едік. Сөйтсек әңгіме әріде жатыр екен…
Ол алғаш бір қорап шылаушынды 15 мың теңгеге сатып алып өсіруді бастаған.
– Қи алып келдік. Құрттарды бірден күйдіріп жібермес үшін оны ауладағы топыраққа төседім. Оған құрттарды жайып, қорек жасауға кірістім. Құрттың қорегі – кәдімгі картоп пен сәбіздің қабығы мен жапырақ. Соларды майдалап турап, құрт араласқан қиға салып отырамын. Құрттар осы қалдықтарды жеп, оны өңдеу арқылы биологиялық тыңайтқыш шығарады. Бұл биологиялық тыңайтқыштардан бау-бақшаңыз бен гүл-шарбағыңыздың жайқалып өсуіне мен кепіл. Диқандар осы шылаушындар өндіріп шығарған тыңайтқыштарды сатып алады. Оларды топырағына сеуіп, мол өнім алып жатады (Оны ғылымда «биогумус» деп атайды. Ол арнайы дүкендерде сатылады). Топырақ құрғап, тоза бастағанда осы тыңайтқыштарды сепсе болады.
Құрттарға да аса күтім мен қамқорлық қажет. Жәндіктердің адамға зияны жоқ. Шақпайды, ешқандай жағымсыз иісі жоқ. Десе де, жаздың аптап ыстығында, әсіресе, біздегі құрғақшылық оларға үлкен қауіп төндіреді. Қарамаса шілдеде қырылып қалады. Олар ылғалды топырақты жақсы көреді. Сол себепті тиісті температураны қадағалап отырған жөн. Қатты ыстықта құрттардың кейбірі құрғап кетсе (өліп), кейбірі жердің астына кіріп кетеді. Топыраққа су құйып ылғал деңгейін арттырған кезде олар қайта жер бетіне шығады. Байқасаңыз, көктемде топырақтың бетінде шылаушындар қаптап жүреді. Ал, жаз айларында оларды оңайлықпен таба алмайсыз. Сондықтан жерді аударып, орындарын ауыстырып тұрамын.
Шылаушындарды балықшылар сатып алады. Бір данасы 5 теңгеден, тыңайтқыштарын диқандарға ұсынамыз.
Әр кәсіптің өзіне тән қиындығы болатыны жасырын емес. Біреулер бұл ісіме мұрнын тыржита қараса, енді біреулер «осы да кәсіп пе екен» дегендей қолдарын сілтейді. Бірақ, есік алдында жайқалып тұрған бау-бақшама сүйсініп, қоярда қоймай «қалай өсіргенімнің» сырын білмекке құштарлар аз емес. Мен ерінбей, тәптіштеп табиғи тыңайтқыштарым туралы тәжірибемді айтып беремін. Қандай кәсіппен айналыссаң да қыр-сырын жетік меңгергенше қателесесің. Сол арқылы тәжірибе жинап, шыңдаласың, – деп аяқтады сөзін таңсық кәсіп иесі Нақып ағай.
Шылаушыннан тыңайтқыш жасап, шарапатын көріп отырған Нақып ағай алдағы уақытта жылыжай салып, жасыл желекті жайқалтуды мақсат етуде. Топырақтың құрамын зерттеп, тәжірибе жинақтаған еңбекқор жанның бұл шаруасы көл-көсір пайда әкелетініне сенімдіміз.
Шынында, шығыны аз, айналасына пайдасы мол аталмыш кәсіп түрінің қоршаған ортаға зияны жоқ екені, қайта топыраққа да, өсімдікке де зор пайдасын тигізіп отырғаны ойлантпай қоймайды. Ісіңізге сәттілік тілейміз, еңбексүйгіштігімен ұрпаққа үлгі болған Нақып ағай!
Әтіргүл ТӘШІМ,
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.
Түркістан қаласы.