Арыста ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасы түсіндірілуде. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген пайызбен несиелендіру бағдарламалары мен Мемлекет басшысының бастамасымен ауылдағы халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіруді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық өзі жетекшілік ететін сала басшылары мен мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрып, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық иелерімен кездесулер өткізудге кірісті.
Қазіргі таңда мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіруге құжаттар қабылданып жатыр. Арыс қаласы бойынша бұл бағдарламаны пилоттық режимде Ақдала, Дермене ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда. Осыған орай, қалалық Сәулет және қала құрылысы, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Жер қатынастары бөлімінің басшылары мен мамандарынан құралған топ өкілдері Ақдала, Дермене ауылдық округтары мен аумағындағы елді мекендерді аралады. Онда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз кәсібін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алатындығы және техниканы лизингке рәсімдеуге болатындығы түсіндірілді. Одан бөлек, үй іргелік және кәсіпкерлік нысан жерін заңдастыру мен жеке кәсіпті дамытуға қатысты қолдау, көмек шаралары туралы дербес бөлім басшылары мен сала мамандары тарапынан әр азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құжаттарды рәсімдеуде нақты көмектер мен кеңестер берілді.
Сонымен қатар, ауданда қазіргі таңда кәсіпкерлікті қолдауға арналған жобаларды түсіндіру жұмыстары да қызу жүргізілуде. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың арнайы тапсырмасымен құрылған жұмысшы топ Монтайтас, Байырқұм, Жиделі, Қожатоғай ауылдары мен осы аумаққа кіретін елді мекен тұрғындарымен кездесулер өткізді. Жиында шағын және орта кәсіп ашуға ниетті азаматтар мен кәсіпкерлерді қолдауға арналған жобалар түсіндірілді. Жұмысшы топ құрамындағы — қалалық сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары бөлімінің басшылары мен мамандары бар. Сала мамандары жиынға қатысушыларға кәсіпкерлерді қолдау шаралары бойынша ақпарат жеткізді. Оның ішінде, ауылшаруашылығына қажетті техникаларды сатып алу, лизингке рәсімдеу жолдары және ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу кезінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы мамандар тарапынан мағлұматтар берілді.
Одан бөлек, «Ырыс» микроқаржы ұйымы ұйымы арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген төмен пайызды несие алудың тетіктерімен таныстырды. Үй іргелік және кәсіпкерлік нысан жерін заңдастыру, несие алуға керекті құжаттарды рәсімдеу бойынша басшылары мен сала мамандары тарапынан әр азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құжаттарды рәсімдеуде нақты көмектер мен кеңестер берілді. жобамен танысқан жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында несие алу жолдары мен талаптары бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, нақты жауаптар алынды.
Сондай-ақ, қалада жеңілдетілген несиелер бойынша да кәсіпкерлерге кеңес беру жұмыстары қолға алынған. Бұл бағытта да арнайы құрылған жұмысшы топ өкілдері қала мен ауыл кәсіпкерлерін және кәсіпкерлік бастамасы бар халықты қаржылай қолдау, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз гранттар бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін мемлекеттік жеңілдетілген несиелердің алу жолдарын түсіндіруде. Атап айтқанда, шаруаларға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиені қалай алуға болатыны, коорперативті не үшін құру қажеттігі, техниканы лизингке алу тетіктері айтылды.
Жалпы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына биылғы жылы Арыс қаласы бойынша Дермене және Ақдала ауыл округтері кіріп отыр. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұл жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беру көзделуде. Егер мал шаруашылығын қолға алғыңыз келсе – 7 жылға, ал басқа кәсіпті нәсібіңізге айналдырар болсаңыз – 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Тек бір шарты бар. Үйіңізді кепілге қоясыз.
Мұнан бөлек 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға жеке кәсіптерін қолдау мақсатында 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін шағын несие барлық саладағы кәсіп түріне 5 жылға, ал мал шаруашылығына қатысты жобалар үшін 7 жылға дейін берілмек. Өзінің жеке кәсібін одан әрі дамытқысы келетін жастар бұл шағын несие түріне өтінім беруіне болады. Ескерте кету керек, кәсібіңізге, яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніңізге 5 жыл уақыттан аспауы, сондай-ақ кепілге қоятын мүліктің болуы қажет.