Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылхан Төреханов мәлімдеді.
Асылхан Сейдыханұлының айтуынша, өңірде 2023 жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133-тен 77-ге, яғни 42,1 %-ға, жарақаттанғандар саны 167-ден 78-ге, 53,3 %-ға төмендеген.
«Бүгінде облыс аумағында республикалық, облыстық маңызы бар және елдімекендердегі жолдарды жөндеу, сызбаларын сызу, жол белгілерін ауыстыру жұмыстары басталды. Одан бөлек, жол бойына үй жануарларының макеттері мен бірқатар қала, аудандарда мектеп алдындағы жолдарға сары түсті ескерту паннолары орнатылды. Департамент бастығының нұсқауына сәйкес, қала, аудандарда апаттарды азайту мақсатында бірнүктелік жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ондағы басты назар жылдымдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, басып озу және маневр жасау ережелерін бұзу, көлікті мас халде басқару деректерін анықтауға бағытталған», — деді Асылхан Төреханов.
Өңірде өткен жылдың қазан айынан бастап жолдағы құқық бұзушылықтарды анықтауға арнайы «Дрон», «Радар», «АРЕНА» және «Кибер шериф» «Кордон Про-М» секілді құралдар қолданылуда. Сонымен қатар, жүргіншілерге жол бермеу бойынша жалпы 327 факті тіркелген. Олардың 2 581-нен маневр жасағандары бойынша әкімшілік хаттама рәсімделіп, 181 құқық бұзушы автокөлікті масаң күйде басқарғаны үшін сот органдарына тапсырылып, жауапкершілікке тартылған.
Облыстағы жол қауіпсіздігіне байланысты қабылданған шараларға қарамастан жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншіні қағып кету, автокөлікті мас халде басқару және арақашықтықты сақтамаудың салдарынан қаза тапқандардың саны 10%-ға өскен.
Өткен жылы департамент тарапынан Кентау қаласындағы білім беру ұйымдарында жасөспірімдердің жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысатын қоғамдық көмекшілердің саны артқан. Бүгінгі таңда олардың саны 110-ға жетіп, өңірдегі қала, аудандарға жол қауіпсіздігінің алдын алуға жұмылдырылған.