Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, басқару жүйесіндегі әр түрлі процестердің реттеушісі болып табылады. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан-дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді.
Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Е.Балабеков,
Кентау қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры