Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймақ деп тану керектігі жөнінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Болатқызына депутаттық сауал жолдады.
Онда халық қалаулысы Кентауды экологиялық аймақ деп тану арқылы 100 мың халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік бар екендігін айтады.
«Қазіргі кезде Кентау қаласындағы ауа мен судың ластануынан қала тұрғындарының арасында онкологиялық аурулар да асқына түскен. Мәселен, 2020 жылы онкологиялық аурумен науқастанып, қайтыс болғандардың көрсеткіші 49,5 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 51,5-ке көбейген. Ал, 2022 жылы 62,4 болып отыр. Әрине, бұл дабыл қағарлық мәселе деп білемін. Кентау қаласына қарасты Құсшы ата ауылындағы жолдың арғы беті экологиялық аймаққа жатса, бергі беті экологиялық аймақ деп есептелмейді. Барлық тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа. Бәйдібек ауданында да дәл осындай жағдай бар. Сондықтан Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа жатқызуға болады деп санаймын» — дейді депутат Ұласбек Сәдібеков.



