Сарыағаш қаласында «Табысты отбасы» жобасының түлектері алғашқы қадамдары сәтті басталып, өз кәсіптерін ашты. Жоба қатысушылары Айман Жалалова, Әйгерім Тәжібаева және Мөлдір Маханова жобада танысып, кешенді оқытудан кейін бірлескен микро-бизнесті бастау туралы шешім қабылдаған. Бірлескен идея нәтижесінде құрылған сұлулық кабинеттің ашылу салтанатына Сарыағаш ауданы әкімнің орынбасары Алдияр Хайбилдаұлы Қозыбаев, Сарыағаш ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдармалар басқармасының өкілдері және жоба тәлімгері Ұланбек Нұрманов арнайы келді. Ал «Табысты отбасы» жобасының авторы Айжани Нұрланова жаңа кәсіпкерлерді құттықтай отырып, Қызыл лентаны кесу құрметіне ие болды.
— Мен біз үшін де, қала үшін де, біздің түлектер үшін де маңызды іс- шараға қатысқаныма қуаныштымын. Сұлулық кабинеттері, шағын тігін және кондитерлік цехтарының көптеп ашылуы — жоба іске қосылған барлық 5 облыста жүзеге асуда. Бұл қатысушылардың оқуы мен сүйемелдеудің дұрыс құрылғанының дәлелі. Түлектерімізді әрқашан қолдаймыз, — деді А.Нұрланова.
Жоба авторы сапары аясында келесі пункті қатысушылардың бірі қолға алған тігін шеберханасында болды. Мұнда «Табысты отбасы» жобасының бірнеше түлегі жұмыс істейді. Жас кәсіпкер Айсұлу Бегниязова өзі секілді өзге де қатысушыларды өз шеберханасына шақырып, «Тігін ісі» бейіндік бағытына үйреткен. Бүгінде шеберхана ұлттық нақыштағы киімдерден бастап, автобус қаптарына дейін тігу үшін кез- келген тапсырыстармен айналысады.
— Бүгін мен бақыттымын деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені менің отбасым, балаларым және сүйікті ісім бар. Ол маған өз ісіммен айналысу ғана емес, табыс көзінің басты кілті. Мұнда тігін саласына қажетті құрал-жабдықтарды пайдаланып біз жұмыс істейміз. Клиенттеріміздің тапсырыстарын уақытылы орындап келеміз, — деді жас кәсіпкер.
Ауданда аталған жобаның игілігін көргендер көп. Түлектердің бірі, көпбалалы ана Жұлдыз Қарсыбаева «SMM» бейіндік бағыты бойынша оқудан өтсе, Гүлнар Исаева ауылда торттар мен түрлі кондитерлік өнімдерге тапсырыс алып, үйде табыс тауып отыр. Қос кәсіпкердің де айлық табысы 300-400 мың теңге көлемін құрап отыр.
Айта кетейік, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы 2022 жылдың 1-ші желтоқсанында республиканың бес пилоттық өңірінде: Абай, Жетісу, Ұлытау, сондай-ақ Туркістан және Ақтөбе облыстарында іске қосылды.
«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасын 300 түлек аяқтаған. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан гранттар алып, еңбек көзін ашып, өз кірістерін арттыруда. Жобаға Түркістан облысынан 70 азамат қатысқан. Оқыту бағдарламасы халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелерін, сондай-ақ жалғыз немесе ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұяларды, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған.