«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева Кентау қаласында болып, бірнеше мекемеде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Ұжым мүшелерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Шешу жолдарын бірге талқылап, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
Қалыйма Жантөреқызы Хантағы ауылындағы Жылу энерго орталығында болды. Мекеме директорының міндетін атқарушы Бақыт Орынбасаров алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен таныстырды.
Қаланы жылумен қамтитын жылу энерго орталық биыл жөндеу жұмыстарынан өтеді. Қазіргі кезде бұл бағытта қажетті қаржыларда қарастырылып жатыр.
«Биылғы жылдың 20 ақпанында «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған штаб мүшелері Кентаудағы «Кентау Сервис» мекемесінің ұжымымен кездесіп, проблемалалық мәселелерді талқылаған болатын. Мұндағы жылу қазандықтары 2012 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Орталықтың балансында тұрған жылу желілерінің 14,5 шақырымы қайта құруды және т.б. мәселелер шұғыл шешуді талап етеді» -деді халық қалаулысы.
Қалыйма Жантөреқызы қазандықтар мен турбина цехтарын аралап шықты және алдағы уақыттада атқарылатын жұмыстарды бақылауға алатындығын жеткізді.
Мекеме қызметкерлерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.
Халық қалаулысы мұнан соң, хантағылық тұрғындармен кездесіп «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиынға партия филиалының төрағасы Арман Басаров, ауыл әкімі Асхат Байбеков, «Хантағы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дархан Серікбаев қатысты.
«Ауыл Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер береді. Жоба аясында Хантағы ауылында басым бағыт ет өнімін өндіру болып келісілген. Жоба тұрақты іске асқан жағдайда Кентау қаласы мен қалаға қарасты ауылдарды хантағылықтар ет өнімдерімен қамтамасыз етеді» — деді облыстық мәслихат депутаты.
Қалыйма Жантөреқызы Хантағы ауылындағы оқушылар үйінде болды. Ауыл тұрғындарының өтініші негізінде бұрынғы ауылдық амбулатория ғимараты қайта құрылымдаудан өтті. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа кейіпке енді. Ендігі жерде ауыл жастары үшін «Оқушылар үйі» болып қайта ашылмақ.
Мұнда партияның қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров, ауыл әкімі Асхат Байбеков, қалалық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қанат Мұсабаев, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Аринов, «Хантағы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дархан Серікбаев, ауыл белсендісі Фарида Бекжігітовамен кездескен халық қалаулысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды талқылады.
«Өткен жылғы депутаттық жұмысымның нәтижесін көріп мен де қуанып тұрмын. Елдің өтінішін арқалап оны орындағаным — депутаттық бір міндетімнің іске асқандығы деп білемін. Ел үмітін ақтау басты мақсатым. Оқушылар үйінің жаңарып түрленуі осының дәлелі. Алла бұйыртса ашылу салтанатына келетін боламын- деді ол.
Қалыйма Жантөреева Хантағы ауылының тұрғыны, тыл ардагері Әзтай Тукенованың үйіне барып, Ұлы Жеңіс күніне орай арнайы сыйлықтар табыс етті. Ақ орамал жауып, ғасыр жасаған кейуананың ақ батасын алды.
Әзтай Тукенова 1924 жылы 10-мамырда дүниеге келген. Колхоздандыру кезінде Әзтай ананың әкесі колхоздың басшысы қызметін абыроймен атқарды.
18 жасында Хантағы ауылының тумасы Аманқұл атамен отау құрып, ел жұртына ізетті келін болды.
Қазіргі кезде Әзтай ана 3 ұл, 4 қыздан 15 немересі, 26 шөбере сүйіп отыр.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева Кентау қаласындағы сапары барысында қалалық орталық ауруханада болды. Бас дәрігер Асылбек Утебаевпен кездесіп, ғимараттағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Сондай-ақ, Қалыйма Жантөреқызы алдағы уақытта «Б» блогын жөндеуге де қаражат бөлінетінін қуанышпен жеткізді.