Шымкент қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген атшабарда көкпардан жастар арасында Қазақстан Республикасының XVII чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додаға еліміздің барлық аймағынан мықты деп іріктелген шабандоздар келіп, тартысқа толы көкпар ойындарын өткізді.
Соңғы кездері көкпар бәсекесі республикамызда жоғары деңгейде дамуда. Барлық өңірде көкпаршылардың деңгейі өсіп, бәсекелестік жоғарылаған.
Шымқаладағы додада Жамбыл облысының талантты жігіттерінен құралған «Әулие ата» командасы басты қарсыластары Түркістан облысының «Тұран» шабандоздарынан басым түсіп, бас жүлдеге иелік етті. Күміс жүлде түркістандықтарға бұйырса, қола жүлде алаң иелері Шымкент қаласының жігіттерінің уысына түсті. Жүректі де білекті шабандоздар сайысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Сонымен қатар үздік сәйгүлік, үздік шабандоз, үздік төрешілер алқасы да құрметтен құр қалмады.