Қазіргі таңда Төлеби ауданындағы 55 елдімекеннің 51-і (92,7 %) табиғи газ құбырымен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Жоба аясында 5088 тұрғын газбен қамтылмақ.
Бүгінде табиғи газ құбыры тартылмаған жекелеген көшелерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып, құжаттарды реттеу ісі жүргізіліп жатыр. Ленгір қаласындағы ішкі көшелерге газ құбырларын орнату қолға алынған. Сондай-ақ, Қасқасу ауылдық округіне қарасты 4 елдімекенде табиғи газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек, аудандағы елдімекендерде тозығы жеткен электр жүйелерін ауыстыру, модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 29 елдімекеннің 73 көшесіне электр желілерін тартып, трансформатор орнату жұмыстары атқарылады.
Сонымен қатар, Ленгір қаласы «Алатау» мөлтекауданында қосалқы станциясының құрылысы жүргізіледі. Нәтижесінде «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарының халқы, жалпы 63 көпқабатты тұрғын үй, 3 100 жеке тұрғын үй, 16 әлеуметтік және 79 кәсіпкерлік нысан сапалы электр энергиясымен қамтылады.