Қазығұрт ауданында 62 елді мекеннің 49-ы табиғи газ жүйесімен қамтылған. Бұл 79 пайызды құрайды. Өткен жылы Еңбек елді мекеніндегі(аңағасыр, Наурыз көшелері мен Атбұлақ елді мекеніндегі Үмбеталиев, Ж.Қаппаров, Жүнісбек ата көшелерін газбен қамтамасыз етуге қазынадан 86,8 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылған болатын. Бұдан бөлек, Шанақ, Ызабұлақ және Ақжар елді мекендеріне 511,3 млн. теңге қарастырылып, оның қалған 173,4 млн. теңгесі биылғы жылы атқарылатын жұмыстарға жоспарланған-ды. Биыл нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Ескі Шанақ, Бақабұлақ, Шанақ бекеті елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз үшін 292,1 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекеме анықталып, келісім шарт түзілді. Қазіргі таңда бекітілген кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілуде.Жыл қорытындысымен аудан бойынша 52 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, бұл 83,8 пайызды құрайтын болады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұйыртса, биыл 516 елді мекен (62%) табиғи газға қосылатын болады. Бұл бойынша қазір жоспарланған жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, өңірімізде елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған.
Биыл газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.



