Шардара ауданы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 719,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 84,3 пайызды құрап отыр.Жолдарды жөндеу үшін бюджеттен былтыр 869 млн. теңге бөлініп, Шардара қаласы мен ауылдық округтердегі елді мекендерде 54,9 шақырымды құрайтын 44 көше жөндеуден өтті.
Ағымдағы жылдың соңына дейін 38,2 шақырымды құрайтын51 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайға жолдардың үлесін 87 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл мақсаттарға ағымдағы жылы 1164,1 млн.теңге қаржы жоспарланған.
Қазіргі таңда облыста жол жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Айталық, Кентау қаласы мен Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың аралығында салынып жатқан жол аяқталуға жақын. Кенді шаһардан облыс орталығына барар жол 26 шақырымды құрайды. Жоба құны – 8 млрд. теңге. Айналма жол биыл пайдалануға берілмек. Айта кетейік, Кентау қаласында бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру үшін қызмет сапасы мен транзит жылдамдығын аттыратын жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар, Сауран ауданындағы Түркістан және Жамбыл облыстарының шекарасындағы «Құмкент–Шолаққорған–Ащысай–Р–31» автомобиль жолының құрылыс қолға алынған. Орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған болатын. Нысанды оcы жылдың қазан айында тапсыру жоспарлануда. Жоба құны – 1,9 млрд. теңге. Автомобиль жолының ұзындығы 31,3 шақырымды құрайды.
Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты «Кентау қаласы Құсшы ата елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолын» күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Былтыр басталған құрылысты 2023 жылдың маусым айында аяқтап, жолды ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Автомобиль жолының ұзындығы – 7,5 шақырым.
Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады.2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.



