Шардара ауданындағы 24 елді мекеннің 9-ы және Шардара қаласындағы 9 шағын ауданы табиғи газ жүйелерімен қамтылған. Ал, 6 елді мекенге газ құбырын тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз болып танылған. Атап айтар болсақ, олар: Бағыскөл, Арнасай, Пшентөбе, Бозай, Бимырза, Шабырлы елді мекендері.
Қазіргі таңда Шардара қаласындағы 5 шағын ауданды және 2 ауылдық округтегі 3 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары қолға алынған. Атап айтар болсақ, Шардара қаласындағы Төменгі тоғай, Ақбала, Майқала, Абай, Қызылжар, Жаушықұм ауыл округтері мен Жаушықұм, Қалғансыр елді мекенідері, Қ. Тұрысбеков ауыл округі мен Шардара ауылы. Осы нысандарда тиісті жұмыстар атқарылып, аяқталған жағдайда аудан халқының 97,7 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады.
Бұдан бөлек ауданда 6 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етуді қажет етеді. Оның ішінде Ақберді елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары (ЖСҚ) әзірленген. 2 елді мекеннің, атап айтар болсақ, Қуан-құдық елді мекені мен Айдаркөл қашар елді мекенінің ЖСҚ әзірленуде. Сонымен қатар, 3 елді мекен, атап айтар болсақ, Баспанды, Жоласар, Құйғанелді мекендері табиғи газбен қамтуды қажет етеді.
Айта кетейік, биыл өңірімізде елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтетін болады. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
Халықты сапалы ауыз сумен, жарықпен, табиғи газбен қамтамасыз ету – аса маңызды міндеттердің бірі екені белгілі. Сондықтан облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жоспарлы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасын табатынын айтады.
Реті келгенде айта кетейік, қазіргі таңда облыста тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш – 7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт – 1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, өңірімізде тұрғындарды газбен қамтамасыз ету саласында атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алатын болады.
Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.