Биыл өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы, яғни 86,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде 101 елдімекен ауызсуды бұлақ көздерінен, 11 елді мекен ашық су көздерінен пайдалануда. Қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін ауыз судың орташа тариф құны – 64,97 теңге, бюджеттік мекемелер үшін – 125,3 теңге, өнеркәсіп және коммерциялық ұйымдар үшін – 129,5 теңге. Биыл 831 елді мекеннің 736-сын немесе 88,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жалпы аудандарда осы бағытта қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны жайлы да айта кетейік. Мәселен, Созақ ауданында бүгінде 35 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі (2 кент, 27 ауылдық елді мекен) 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» жұмыс жобасы бойынша тиісті шаралар 2022 жылы басталып, ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген жағдайда Шолаққорған ауылы тұрғындары тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Созақ, Шақырық елді мекендерін тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында (ЖСҚ) әзірлеуге аудандық бюджеттен 2023 жылға тиісті қаржысы бөлініп, биылғы жылы сәуір айында мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жобалаушы анықталып, келісім шарт түзілді. Осы жылы ЖСҚ әзірленіп, облыстық, республикалық бюджетке ұсынылатын болады.
Қаратау ауылы тұрғындарын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірлеуге қажетті қаржысын қарау жөнінде аудандық бюджеттік комиссияға сұраныс берілді. Қаржы бөлінген жағдайда ЖСҚ әзірленетін болады.
Сызған елді мекенінің тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңғыртып, тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту үшін қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылған. Алдағы уақытта мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу үшін бюджетке сұраныс берілетін болады.
Қарақұр, Қозмалдақ ауылдарын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында Қақпансор, Қоңыратарық елді мекендері экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер санатында болғандықтан (халық саны 200-ден кем) блок-модуль кешенін орнату үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан ағымдағы жылы жер асты су қорын зерттеу жұмыстары басталды. Жер асты су қоры бекітілгеннен кейін ЖСҚ әзірленетін болады.
Аудан бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз, Қақпансор, Қоңыратарық елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2023 жылдың сәуір айында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттен қаржы бөлу үшін құжаттар ұсынылып, сұраныс жолданды.
Жалпы Созақ ауданында 35 елді мекеннің 29-ы (2 кент, 26 ауылдық елді мекен) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Оның екеуі кент болса, 26-сы ауылдық елді мекен. Ауданда барлығы 61715 тұрғын таза ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 23-іне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған алтауына түзілген кестеге сәйкес берілуде.
Бұйыртса, биыл өңірімізде су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары таза ауыз сумен қамтылмақ. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында орналасқан. Сонымен қатар 11 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары ауыстырылады. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазығұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан. Сонымен қатар, өңірімізде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 16 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды.
Реті келгенде айта кетейік, облыста ауыз су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер де бар. Мәселен, қазіргі таңда Сауран ауданында сондай үш елді мекен бар. Олар Қаратөбе, 32-разъезд, Егізқара ауылдары. Аталған елді мекендерде тұрғын үйлердің бір-бірінен шалғайда орналасуына байланысты, оларға ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сондықтан бұл елді мекендерге кешенді блок-модуль орнату көзделуде. Жалпы Сауран ауданындағы 12 ауылдық округте 36 елді мекен бар. Олардың ішінде 32 елді мекен ауыз сумен қамтылған. Ал, Бәйдібекте де 5 елді мекен шалғайда орналасқан. Әрі онда халық саны аз. Олар – Қызылжар, Үсіктас, Шұқыршақ, Байжансай, Нұра елді мекендері. Сондықтан аталған елді мекендерге ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сала мамандары мұндай ауылдардағы халықты жер асты суын тазартатын кешенді блок-модульдік қондырғылар орнату арқылы ауыз сумен қамту көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл шаралар да Түркістан облысының 2022-2025 жылдарға арналған елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес атқарылатын болады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін тапсыруда.
– Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет, – дейді Дархан Амангелдіұлы.