Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында «Бірлік» деп аталатын көше бар. Онда өзге ұлт өкілдері тұрады. 2014 жылы бұл көше Серафимович деп аталған екен. Бүгінде мұнда қазақ, орыс, шешен, әзірбайжан, татар, еврей ұлтының өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Ынтымағы жарасқан көршілер ағайындай араласып, бір-біріне бауырдай жақын болып кеткен. Ата-бабалары тағдырдың жазуымен репрессия кезінде осында келіп қоныстанған болуы керек. Содан бері олардың ұрпағы Қазақстанда өсіп-өніп келеді. Осында туып-есейгендіктен туған жерлерін мақтан тұрады, қадірлейді. Бір қуантарлығы, барлығы дерлік, қазақ тілінде сөйлейді. Қазір мектеп жасындағылар білім ұяларында оқып жатса, одан үлкендері Отан алдындағы борышын өтеп әскерде қызмет етуде.
Адамның көптеген көзқарастары мен ұстанымдары отбасында тәрбиеленеді ғой. Елдің бірлігі мен тұтастығы үшін олардың отбасында атқарып жатқан жұмыстары ауылдарының абыройын асқақтатып отыр. «Бірлік» көшесінде тұратын әрбір тұрғынның әрқашан елдің тыныштығын тілейді.Ұлтқа бөлінбей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйыса бірігіп тірлік істеу қашанда берекеге бастайды. Жүздеген ұлт пен ұлыстың басын қосып отырған Қазақстан атты шаңырақта татулық пен бірліктің, береке мен ізгіліктің шырағы әрдайым маңызды рөл атқарады.
Біз әңгімемізге арқау етіп отырған Хантағы ауылындағы «Бірлік» көшесінде бүгінде 72 түтін бар. Сала мамандары: «Көше орталық жылу жүйесіне қосылған. Сондай-ақ көше толық жарықтандырылған және жолдары асфальтталған», —дейді.
Мақаланы жазып отырғанымызда мына бір жағдай еріксіз есімізге түсті. Кезінде әлемдік деңгейдегі сарапшылар кеңес одағы уақытында көпұлтты ел атанған Қазақстанды болашақта ұлтаралық қақтығыстар мен шиеленістердің ордасына айналады деп болжаған екен. Беті аулақ, ондайды бізге көрсетпесін. Уақыт еліміздегі ұлтаралық саясаттың дұрыс бағытта жүргізіп келе жатқанын күннен-күнге дәлелдей түсуде. Бүгінде сол әлемдік деңгейдегі сарапшыларымыз біздің қоғамдық келісіміміз бен ұлтаралық татулық жайындағы саясатымызға қызыға қарауда. Соның бір дәлелі ретінде «Бірлік» көшесінің тұрғындарын айтуға болады.
Мұны да айта кетейік, кезіндеНұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен құрылған Ассамблея бүгінде қаншама ұлт өкілдерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тәтті тіршілік кешіп, ел игілігіне бағыттаған бастамаларды бірлесе атқарып, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағынан дамуына өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, жүзден астам ұлт өкілдерін маңайына топтастыруда да Ассамблея уақыт өте келе өз тиімділігін көрсетіп қана қойған жоқ, мемлекеттік деңгейдегі үлкен маңызға ие екендігін айқындады.
Бүгінде елімізде мыңнан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұл этномәдени бірлестіктердің мақсаты — мемлекетіміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, олардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін дамытуына қолдау көрсету. Оған мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалынуда. Айтайын дегенім, осындай шаралардың нәтижесінде ұлт өкілдері елімізде атқарылып жатқан ауқымды, оның ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. Осылайша, олар мемлекетіміздің алға қарай ілгерілуіне өз үлестерін қосуда.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда қанша ұлт өкілі тұратыны туралы мәліметті жариялады. Бюроның мәліметінше, қазір Қазақстан халқының саны — 19 808 430 адам.Оның ішінде 70,6 пайызы – қазақтар, орыс халқының үлесі – 15,1 пайыз, өзбектер – 3,2 пайыз, украиндар – 1,9 пайыз, ұйғырлар – 1,5 пайыз, немістер – 1,1 пайыз, татарлар – 1,1 пайыз, әзербайжандар – 0,7 пайыз, кәрістер – 0,6 пайыз және басқа ұлттар.
Қазақтардың ең көп саны Түркістан облысында – 1,5 миллион, орыстардың жалпы санынан көпшілігі — 428 мыңы Алматыда тұрады, өзбектер Түркістан облысында – 378 мың адам, украиндар Қостанай облысында – 86 мың, 297 мың ұйғырдың басым бөлігі Алматы облысында – 120 мың адам.
Бүгінде біздің елімізде гагауздар, лезгиндер, құмықтар, аварлар сияқты этностардың да өкілдері бар. Солардың бәрін қоса есептегенде Қазақстанда 124 ұлт өкілі тату-тәтті тіршілік кешуде деуге болады.



