Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін тапсырған болатын. Қазіргі таңда өңірімізде тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстарын қарқын алған.
– Тұрғындарды ауыз сумен қамту бағытындағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деген болатын өңір басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде өңірімізде 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. Теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы тәмамдалады. Соның нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елдімекен тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізбек. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында орналасқан. Сонымен қатар 11 елдімекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылады. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазығұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан.
Реті келгенде айта кетейік, облыста ауыз су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер бар. Мәселен, қазіргі таңда Сауран ауданында сондай үш елдімекен бар. Олар Қаратөбе, 32-разъезд, Егізқара ауылдары. Аталған елді мекендерде тұрғын үйлердің бір-бірінен шалғайда орналасуына байланысты, оларға ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сондықтан бұл елдімекендерге кешенді блок-модуль орнату көзделуде. Жалпы Сауран ауданындағы 12 ауылдық округте 36 елдімекен бар. Олардың ішінде 32 елдімекен ауыз сумен қамтылған.
Ал, Бәйдібекте де 5 елді мекен шалғайда орналасқан. Әрі онда халық саны аз. Олар – Қызылжар, Үсіктас, Шұқыршақ, Байжансай, Нұра елдімекендері. Сондықтан аталған елді мекендерге ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сала мамандары мұндай ауылдардағы халықты жер асты суын тазартатын кешенді блок-модульдік қондырғылар орнату арқылы ауыз сумен қамту көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл шаралар да Түркістан облысының 2022-2025 жылдарға арналған елдімекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес атқарылатын болады.
Реті келгенде толығырақ айта кетейік, Бәйдібек ауданындағы 51 елді мекеннің 43 елді мекені (84,3 пайызы) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сарқырама елді мекеніндегі тұрғылықты халықтың сұранысына сәйкес, 2021-2023 жылдары аралығында елді мекендегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстары («Алем строй-1» ЖШС-нің тарапынан) жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді.2021-2023 жылдары аралығында аудан орталығы Шаян елді мекеніндегі тұрғылықты халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Ал, Шақпақ елді мекеніндегі тұрғылықты халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланымдағы тозығы жеткен ауыз су жүйесіне қайта құру жүйелерінің құрылысын салуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп құрылыс-монтаждау жұмыстары «Газводмонтаж» ЖШС-нің тарапынан жүргізілді.
Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға «Redline Pro» ЖШС-нің тарапынан Ақбастау елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге әзірленген ЖСҚ-ны (2023 жылға облыстық бюджетке қаржыландыруға өтінімі ұсынылса, Боралдай елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге әзірленген ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Түркістан облысының 2022-2025 жылдарға арналған елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес, Жаңаталап, Жұлдыз ауылдарында жаңа ауыз су жүйелерінің құрылысын жүргізуге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тарапынан биыл жер асты су қорына зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жоғарыда айтып өткендей, 5 елді мекенге (Қызылжар, Үсіктас, Шұқыршақ, Байжансай, Нұра) ауылдары шалғайда және халық саны аз экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан Түркістан облысының 2022-2025 жылдарға арналған елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес, жер асты суын тазартатын кешенді блок-модульдік қондырғылар орнату жұмыстары көзделіп отыр.
2022-2023 жылдары аралығында Ақжар елді мекеніндегі жаңа ауыз су жүйелерінің құрылысы «AIKOM» ЖШС-нің тарапынан жүргізіліп, нысан мамыр айының ішінде пайдалануға беріледі деп күтілуде.