Түркістан облысы электр энергиясы тапшы өңір саналады. Сала мамандарының мәлімдеуінше, облыстың электр қуатына қажеттілігі — орташа 320 МВт/сағат, оның 20% ішкі энергетика көздерінен алынады. Ал, қалған 80% еліміздің солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы стансалардан тасымалданады. Өңірде 831 елдімекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Қалған 16 елдімекен дербес электр қондырғыдан электр қуатын пайдаланып отыр.Ал, 254 елді мекендегі 341 мың тұрғын сапасыз электр энергиясын тұтынып отыр.
Қазіргі таңда өңірімізде сапалы электр қуатымен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс шара жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар кезең-кезеңіменатқарылуда. Былтыр өңірде 42 нысанның құрылысына бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлініп, 11 нысанды пайдалануға берілген болатын. Қалған 31 нысанның құрылысы биылғы жылға өтпелі еді. 35 нысанның құрылысына 8,1 млрд теңге бөлінді. Бұйыртса, 2025 жылға қарай облыстағы 254 елдімекендегі 341 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.
Бүгінде өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталсақ. Мәселен, былтыр Бәйдібек ауданында Боралдай, Ақбастау, Ағыбет, Бөген, Алмалы ауылдық округтеріне қарасты Кеңес, Ағыбет, Теректі, Амансай, Түйетас, Боралдай, Тайманов, Сарыбұлақ, Жыланды, Ақжар, Ақбастау, Екпінді, Алмалы ауылдарының көшелеріндегі электр бағаналары мен электр желілерін ауыстырылды. Аудандық бюджеттен қаржы бөліп, Қошқар ата елді мекеніндегі Т.Әжібеков көшесіне 12 электр бағанасы мен 1 трансформатор және Кеңсай елді мекеніндегі О.Дауылбаев көшесіне 10 электр бағанасы мен 1 трансформатор орнатылды.
Сонымен қатар, 2021-2022 жылдары аралығында аудандық бюджеттен бөлінген 4,7 млн. теңге қаржығаөздігінен электр желілерін тартып, бағаналарын орнатып алған аудан аумағында орналасқан 28 елді мекендегі 53 көше бойларында орналасқан 1445 тұрғын үйлерді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге «НурАлем-Саулет» ЖШС-нің тарапынан жобалау сметалық құжаттамасы әзірленіп (ЖСҚ құны-1 185 648,0 мың теңге), 2023 жылға облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды.