Жақында Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков Шаян ауылының тұрғындарымен кездескен болатын. Сонда аудан әкімі биыл аудан орталығындағы 14 көшеге жаңадан асфальт жол төселетінін жеткізді. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар қолға алынды. «Қалған жолдар қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жөнделетін болады. Екі қабатты үйлердің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жөнделеді. Орталық көшелердің бойынан төрт жерге бір мезгіл тұрғындар демалып отыратын шатырлар орнатылатын болады», – деді Ержігіт Шәріпбеков.
Сонымен қатар құрылысы жүргізіліп жатқан 100 мың кітап қорына арналған кітапхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Шаян ауылынан 170 гектар (1160 учаске) жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Аталған инфрақұрылым аяқталғанда кезекте тұрған 1495 тұрғын үйіргелік жермен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, 1 қабатты 20 үйдің және орталық стадион құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптамалық қорытындысы алынды.Жалпы, аудан орталығында биыл атқарылатын бірнеше жоба бар. Бұл жобалар қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Жол құрылысына қатысты мәліметтерді толықтыра кетсек. Ауданда «Ауыл Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен Ақбастау елді мекеніндегі 11 көшеге (о.і. Ақбастау елді мекеніндегі Жастар, Азаттық, Молшылық, Сейтқазы, Ынтымақ, Теріскей, Достық, Бірлік, Болашақ, Теріскей-2, Талап), «RRR Group 2018» ЖШС-гі орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Ауыл Ел бесігі» жобасы аясында Ағыбет елді мекеніндегі 5 ішкі көшені (Жетотау, Талдыбұлақ, Б.Майлин, Т.Рысқұлов, Ә.Молдағұлова) жөндеуге, Ақтас елді мекеніндегі С.Пашенұлы көшесін жөндеуге, О.Сеңгірбайұлы көшесін жөндеуге қаржы қаралып, мердігер мекемелерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде.
Сонымен қата, қазіргі таңда облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Шаян елді мекеніндегі 3 көшеге (Әуезов, Шөкеев, Қарашаұлы) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, «Пример Строй» ЖШС-гі және «ДостықСпецТранс» ЖШС-гі тарапынан кеңейту жұмыстары қолға алынды. Қаратас елді мекеніне кіре берістегі аудандық маңызы бар 7,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға және Қаратас-Теректі елді мекеніне кіре берісіндегі автомобиль жолының 2,0 шақырым орташа жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер мекеме «KAPower» ЖШС-гі тиісті жұмыстарды атқаруда.
Биыл Қошқарата елді мекеніндегі 1 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу де жоспарланған болатын. Оның ішінде: 2022 жылы облыстық бюджеттен бөлінсе, 2023 жылы облыстық бюджетті нақтылау барысында қалған қаржысының бөлінуі күтілуде. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Шаян елді мекеніндегі 11 көшеге (Қ.Спатаев, Қ.Жандарбеков, Шәкәрім, С.Әлжанов, Мыңбұлақ, А.Нысанов, Жамбыл, Абай, К.Нұржанова, О.Жандосов, Б.Болатбеков) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ-М32» автомобиль жолынан — Жүзімдік елді мекеніне кіре берісіне дейін аралықтағы 2,0 шақырым, КХ-2 «Ұланбел-Екпінді» автомобиль жолынан Тасқұдық елді мекеніне кіре берістегі аралықтағы 8,0 шақырым, КХ-2 Ұланбел-Екпінді» автомобиль жолынан Шақпақ елді мекеніне кіре берісіне дейінгі аралықтағы 1,2 шақырым және Қызылжар елді мекеніне кіре берісіне дейінгі аралықтағы 4,2 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізуге Ұлттық сараптама орталығы арқылы ақау актілері түзіліп, жобалау сметалық құжаттамалары әзірленген. Бүгінгі таңда сараптаманың оң қорытындылары алынып, 2023 жылға қаржыландыруға облыстық салалық басқармаға бюджеттік өтінімдері ұсынылды.