Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған.Ал, биыл 516 елді мекенді (62%) табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген.
Реті келгенде аудандарда тұрғындарды газбен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы айта кетейік. Мәселен, Созақ ауданында «Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» жұмыс жобасы бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолққорған ауылына дейінгі магистральды газ құбыры траншеяға 100 % көмілді. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршау жұмыстары жүргізілді. ВОЛЬС кабельдері жүргзілген. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін«Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021-2022 жылдар аралығында 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалған.Ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындары табиғи газбен қамтылатын болады.



