Қазығұрт ауданында аудандық және облыстық бюджет есебінен 1,8 млрд. теңгеге 111,5 шақырымды құрайтын 28 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.Сонымен қатар, аудан аумағында Өндіріс елді мекендегі Тастақсай өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмысына 176,7 млн. теңге қаржы қаралып, пайдалануға берілді.
Жаңабазар ауылы округі Ұя өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмысына 147,8 млн. теңге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында пайдалануға тапсырылатын болады.Аудандық маңызы бар 297,5 шақырым жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 76,3 пайыз болса, елді мекендердегі ішкі көшелердің (812,5 шақырым) жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 65,9 пайызды құрады.
Биыл КХ-44 «Жігерген-Көкібел» облыстық маңызы бар автмобиль жолын орташа жөндеуден өткізу үшін
210,0 млн. теңге қаржы бөлінген. Нысандағы құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі.
2022 жылдан 2023 жылға өтпелі 5 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 563,6 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл нысандардағы құрылыс жұмыстары жыл соңыңа дейін аяқталатын болады.
Сонымен қатар, биылғы жылға өтпелі болған елді мекендердегі 45 ішкі көшелерді орташа жөндеу жұмыстары үшін 2,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 17 көшеге 702,3 млн.теңгеге қаржы қаралған. Аталған көшелердің барлығы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылатын болады.
Жалпы қазіргі таңда облысымызда жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады.2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл соңына дейін 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс барысын бақылау үшін облыстық маңызы бар жолдарды аралап, мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті. Нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда Кентау қаласы мен Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың аралығында салынып жатқан жол аяқталуға жақын. Кенді шаһардан облыс орталығына барар жол 26 шақырымды құрайды. Жоба құны – 8 млрд. теңге. Айналма жол биыл пайдалануға берілмек. Айта кетейік, Кентау қаласында бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру үшін қызмет сапасы мен транзит жылдамдығын аттыратын жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Облыс басшысы маңызды жолдың жан-жағына көшеттер отырғызып, абаттандыруды міндеттеді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Сауран ауданындағы Түркістан және Жамбыл облыстарының шекарасындағы «Құмкент–Шолаққорған–Ащысай–Р–31» автомобиль жолының құрылыс алаңында да болды. Орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған болатын. Нысанды оcы жылдың қазан айында тапсыру жоспарлануда. Жоба құны – 1,9 млрд. теңге. Автомобиль жолының ұзындығы 31,3 шақырымды құрайды.Сауран ауданына қарасты «Кентау қаласы Құсшы ата елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолын» күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Былтыр басталған құрылысты 2023 жылдың маусым айында аяқтап, жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Автомобиль жолының ұзындығы – 7,5 шақырым.
Облыс әкімі жауапты басшыларға жол құрылысын сапалы әрі уақытылы орындап, ел игілігіне пайдалануға беруді тапсырды. Талапты орындамаған мердігер мекемелерге шара көрілетінін ескертті.



