Сала мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады.
Биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген. Осы бағытта аудандарда атқарылып жатқан жұмыстардың барасына тоқталып өтсек.
Мәселен, Созақ ауданында бүгінде917 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, ал 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт салу жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Атап айтар болсақ, «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін 83 шақырымына, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымына, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда өткен жылы 34,1 шақырымды құрайтын 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріліп, «Ауыл-Ел бесігі» бағадарламасы бойынша республикалық бюджеттен ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге және жергілікті бюджеттен ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15,6 шақырымды құрайтын 13 көшеге, аудандық бюджеттен елді мекендеріндегі ішкі көшелеріне асфальт жабындысын төсеу үшін ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын 11 көшеге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 239 шақырымы (59%) асфальт болса, 2023 жылдың қорытындысымен 266 шақырымға (66%) жеткізу жоспарлануда.
Реті келгенде айта кетейік, 2022 жылы аудандық бюджеттен 145 дана (Шолаққорған, Жуантөбе,Созақ, Аққолтық) жол белглері мен 6 дана жол кедергісі (лежащи полиция) (Шолаққорған ауылында А.Сүлейменов, Ә.Молдағұлова мектептерінің алдына, С.Қожанов, Жібек жолы көшелеріне және Жеткіншек елді мекеніне, Балдысу елді мекеніндегі Жамбыл мектебінің және Созақ ауылындағы «Созақ мектеп гимназиясының алдына) орнатылды.
Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен аудан тұрғындары мен қонақтарының жол жүру барысында жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында Шолаққорған-Шымкент бағытына 2 дана, Шолаққорған-Түркістан бағытына 1 дана және Шолаққорған-Таукент бағытында 1 дана барлығы 4 дана муляж орнатылды.
Биыл Шолаққорған, Созақ ауылдары мен Таукент кентінің 27 шақырымжол сызықтары сызылып, 91 дана жол белігілері орнатылды. Осы жылы 6 дана жол кедергі орнату жоспарланған.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылының көлік қозғалысы көп көшелердің қиылыстарына жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін Жібек жолы-Абылайхан, Жібек жолы-Меймандосов, Жібек жолы-С.Қожанов, С.Қожанов-Абай және С.Қожанов-Кеңесбаев көшелерінің қиылыстарына цифрлық бағдаршам орнатылып, аудан тұрғындарының жол қауіпсіздігіне оң әсерін тигізуде.
Реті келгенде айта кетейік, қазіргі таңда облыста жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыстық маңызы бар жолдарды аралап, мердігер мекемелердің басшыларымен кездесуде. Кентау қаласы мен Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың аралығында салынып жатқан жол аяқталуға жақын. Кенді шаһардан облыс орталығына барар жол 26 шақырымды құрайды. Жоба құны – 8 млрд. теңге. Айналма жол биыл пайдалануға берілмек. Айта кетейік, Кентау қаласында бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру үшін қызмет сапасы мен транзит жылдамдығын аттыратын жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.
Сауран ауданындағы Түркістан және Жамбыл облыстарының шекарасындағы «Құмкент–Шолаққорған–Ащысай–Р–31» автомобиль жолының құрылысы да қызу жүріп жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған болатын. Нысанды оcы жылдың қазан айында тапсыру жоспарлануда. Жоба құны – 1,9 млрд. теңге. Автомобиль жолының ұзындығы 31,3 шақырымды құрайды.
Сауран ауданына қарасты «Кентау қаласы Құсшы ата елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолын» күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Былтыр басталған құрылысты 2023 жылдың маусым айында аяқтап, жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Автомобиль жолының ұзындығы – 7,5 шақырым.