Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде ауыз су мәселесіне тоқталып өтті.
— Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз, — деді Президент.
Елімізде тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесін оңтайлы шешу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өңірімізде де тұрғындарды ауыз сумен қамтуға барынша көңіл бөлінген. Аудандарда нақты қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын айта кетейік. Мәселен, бүгінде Сауран ауданында 100,0 мыңнан астам халық тұрады, аудан аумағы 721,7 мың гектарды құрайды. Аудан құрамына 12 ауылдық округ пен 36 елді мекен кіреді. Сол 36 елді мекеннің 32-сінде бүгінде ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Бұйыртса ағымдағы жылы Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылды.
Ойық елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысына 2023 жылға 229,9 млн. теңге қаржы бөлінді.3 шалғай орналасқан елді мекендерде кешенді блок модуль орнату қарастырылуда. Бұл елді мекеннің халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Атап айтар болсақ, олар: 32 Разъезд – елді мекен тұрғындары хаттамаға сәйкес, КБМ бас тартқан, Қаратөбе елді мекен тұрғындарымен хаттама түзіліп, КБМ орнатуға келісім алынған, Езізқара елді мекені тұрғындарымен хаттама түзіліп, КБМ орнатуға келісім алынған және бұлақ көзі суының жарамдылығы бойынша СЭС қорытындысын алуға арыз жолданған.
Сонымен қатар, 2022 жылы 4 елді мекенге, атап айтар болсақ Жүйнек, Шыпан, Қызылжол, Достық елді мекендеріне су мұнарасы орнатылып, 3 елді мекеннің, атап айтар болсақ, Бостандық, Еңбекші Дихан, Шоқтас елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 12 елді мекенде «Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қоры зерттелуде.
Реті келгенде айта кетейік, облыс әкіміДархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін үнемі тапсырып келеді.
– Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деген болатын Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы тәмамдалады.Осындай жұмыстардың нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізбек. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында орналасқанын айта кетейік. Мұнымен қоса 11 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылмақ. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазығұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан. Мұнан бөлек, қазіргі таңда өңірімізде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 16 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды.
Сарыағаш ауданында да ауыз су мәселесі өзекті. Дегемен, мұнда да тұрғындарды ауыз сумен қамтуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантады. Айталық, жақында аталмыш аудан әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округінде болып, Ақниет, Қанағат, Жонарық елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Ақниет елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауыз су қоймасының құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысып, сапасын тексерді. Айта кетейік, көп жағдайда мердігерлердің жұмысына тұрғындар тарапынан сын-ескертпелер жиі айтылып жатады.Сондықтан елдің игілігіне бағытталған жұмыс сапалы әрі мерзімінде жүргізілуі тиіс. Аудан әкімі бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, мердігер мекеме басшысына алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының барысын тікелей өзі қадағалайтынын жеткізді.
Жалпы Қабланбек ауылдық округіне қарасты Ақниет, Жонарық және Қанағат елді мекендеріне ауыз су жеткізу бойынша жүріп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталса, 878 тұрғын үй, яғни үш елді мекеннің 7 мыңнан аса тұрғыны таза ауыз су тұтынатын болады.
Сарыағаш ауданымен іргелес жатқан Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 57-сі ауыз сумен қамтылған. 7 елді мекенге су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып танылса, қазір 4 ауылға су құбыры тартылып жатыр. Биыл тағы бір елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталса, 3 елді мекенге су тартудың сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалаушы мекемені анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Қалған 10 елді мекен жерінің астындағы су қорын зерттеу бойынша облыстық басқармаға ұсыныс беріліпті. Қазір сала мамандары осы бағытта нақты жұмыстарды жүргізуді қолға алды.



