Қазіргі таңда өңірімізде тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Жалпы айтар болсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 265 елді мекендегі 341,5 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы бағытта қазір аудандарда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Айталық, Сауран ауданындағы 35 елді мекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елді мекен күн сәулесі батареяларынан қуат алуда. Аудан халқының өсуіне байланысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, 2022 жылы 13 дана трансформатор орнатылды. Ал, бұйыртса биыл жыл соңына дейін барлығы 37 дана трансформатор орнатылатын болады.
Сонымен қатар, елді мекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде. (Еңбекші Дихан, Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, Оранғай, Бабайқорған, Жүйнек).
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында Шорнақ және Ескі Иқан ауылдық округтерінде 10 кВт — 6,4 шақырым электр желісі, Үшқайық, Шаға және Бабайқорған ауылдық округтеріне 0,4 кВт — 10,6 шақырым электр желісі ауыстырылатын болады. Сонымен қатар, Шорнақ, Үшқайық, Ескі Иқан ауылдық округтеріне 3 дана трансформатор орнатылу жоспарланған.
Реті келгенде айта кетейік, облысымыз электр қуатына тапшы өңірлердің бірі болып саналады. Аймақтың орташа қажеттілігі 320 МВт/сағ құрайды. Оның 20%-ын ішкі энергетикалық көздер өндірсе, 80%-ы еліміздің солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы стансалардан тасымалданады. Облыс аумағындағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған шалғайдағы 16 елдімекен дербес электр қондырғыларын пайдалануда. Биыл 40 нысанның құрылысын аяқтап, 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамту көзделіп отыр.
2023 жылы 47 электрмен қамтамасыз ету құрылысына бюджеттен 7,1 млрд. теңге қаралған болатын. Бұл қаражаттың 361,4 млн. теңгесі ұлттық қордан, 3,5 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 3,2 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. Бұйыртса, биылғы жыл соңына дейін 40 нысанның құрылысын аяқтап, 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қалған 7 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болады.
Одан бөлек, елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында, 10/0,4 кВ электрмен қамтамасыз ету құрылысының 28 жобасын және келесі ірі жобалардың құрылысын іске асыру үшін 2023 жылдың бюджеттік нақтылауында республикалық бюджет есебінен жалпы 13,9 млрд. теңгеге қаржыландыру ұсынылды. Соның ішінде 2023 жылға қажетті қаржы — 8,7 млрд. теңге.
«Түркістан қаласында жобаланып отырған 110 кВ қосалқы станцияларды пайдаланудағы 110 кВ желілермен сақиналау үшін 110 кВ электр өткізу желісін салу» жобасы «Орталық» ҚС-тан «Яссы» ҚС-қа дейінгі аумақты қамтиды. «Сметалық құжаттаманы түзету ЖЖ» жобасы іске асырылған жағдайда, Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы орналасқан әкімшілік ғимараттары, көпқабатты тұрғын үйлер, мәдениет, спорт орталықтары, әлеуметтік нысандар, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тұрақты, сапалы электр энергиямен қамтамасыз етіледі. Оның сметалық құны — 4,4 млрд. теңге.
Сонымен қатар, «Ордабасы ауданында 220/110/10 кВ «Бадам» қосалқы станциясын салу» жобасы іске асырылған жағдайда, Ордабасы, Арыс, Отырар, Шардара аудандарындағы 320 мың тұрғындарын және Қазақ-Түрік индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын нысандарын төмен тарифті, сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның сметалық құны — 11,0 млрд. теңге.



