Биыл өңірімізде 831 елді мекеннің 516-сы табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, Түркістан облысы табиғи газды 2018 жылға дейін Газли-Шымкент (Өзбекстан) магистралды газ құбырынан тұтынған болатын. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан алуда.
Қазіргі таңда облыста 831 елді мекеннің (2 млн. 075 мың тұрғын)465-і табиғи газбен қамтылған. Бұл көрсеткіші 56 пайызды құрайды. Биыл 101 нысанның құрылысына бюджеттен 17,6 млрд.теңге бөлінді. Қаражаттың 10,4 млрд.теңгесі ұлттық қор, 602,6 млн.теңгесі республикалық бюджеттен, 6,6 млрд.теңгесі облыстық бюджет есебінен бөлінді. Осы 101 нысанның 67-інің құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Қалған 34 нысандағы құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі болады. Соның нәтижесінде жоғарыда айтып өткендей биыл өңіріміздегі 516 елді мекенді табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Бұл облыстағы елдікендердің 62 пайызы көгілдір отынға қол жеткізе деген сөз.
Бұйыртса, алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 2025 жылы елді мекендерді газбен қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 млн. халыққа жеткізілмек.
Сала мамандары қазіргі таңда газбен жабдықтау саласы бойынша жалпы құны 19,1 млрд.теңге құрайтын 56 жоба әзірленіп, 2023-2025 жылғы республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, өткен жыл соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларын газбен қамту жұмыстары талқыланған болатын. Өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырып, бірқатар жауапты тұлғаға ауызша ескерту берген еді.
– Аудандар мен қалаларды аралау барысында тұрғындар коммуналдық-шаруашылық, әсіресе, газ мәселесін жиі көтереді. Тұрғындарды газбен қамту – біздің міндетіміз. Жұмысын дұрыс атқармаған мердігерлермен заң аясында сөйлесіңіздер. Газбен қамту бойынша аудандар Жол карталарын ұсынсын. Осы бір жоспар негізінде жүйелі жұмыс атқарайық. Екіншіден, аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар арасында байланыс болуы керек. Хабарласып, ел мүддесіне қатысты әрбір мәселені жедел шешуді қолға алған жөн. Газды күтіп отырған ауылдар бар. Кезең-кезеңімен бюджетке енгізіп, тиісті жұмыстарды атқару қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 831 елді мекеннің 457-сі табиғи газбен қамтылған болатын. Елді мекендегі халық санымен есептесе, 1 млн. 529 мың тұрғын немесе тұрғындардың 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. Осы көрсеткішті жоғарылату мақсатында 70 нысанның құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 9 нысанның (10 елді мекен, 1 АГТС, 32198 тұрғын) құрылысы аяқталды. Қалған 61 нысан 2023 жылға өтпелі болған еді. Қазіргі таңда 61 нысандағы тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда.
Сонымен қатар, өткен жылы басқарманың мамандары аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, құрылысы жүргізіліп жатқан нысанның 70-іне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, олардың оннан астамынан кемшіліктерін анықтаған болатын. Бұл бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынды. Әсіресе, Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларында газға қатысты ұсыныстар бойынша тиісті шаралар атқарылды.
Сауран ауданында 11 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 6 елді мекен табиғи газды пайдаланып отыр. 2023 жылы 5 елді мекенге табиғи газ қосылады. Атап өтер болсақ, олар: Ескі Иқан, Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас елді мекендері.
Табиғи газбен қамту бойынша, Шорнақ (құны — 1,1 млрд. теңге), Қосмезгіл (құны — 1,6 млрд. теңге), Оранғай (құны — 1,8 млрд. теңге) елді мекендері мен Жүйнек және Қарашық ауыл округтерінде (құны – 4,9 млрд. теңге)ішкі газ құбырларының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.
Сонымен қатар, Бостандық, Қосқорған және Еңбекші Дихан елді мекендерінде ішкі табиғи газ құбыры құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Шорнақ ауыл округтеріне магистральді табиғи газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын шілде айында алу жоспарланған.
Ал, Жетісайда биыл 10 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады. Айта кетейік, Жетісай ауданында 112 елді мекеннің 56 елді мекені табиғи газға қосылған. Жергілікті тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін Жаңа ауыл және Достық ауылдық округтеріндегі елді мекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстарына 2022 жылға 1 млрд. 655 млн. 935 мың теңге қаралып, қаржы толық игерілген. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС, Ынтымақ ауылдық округінде «Кирово» АГТС нысандарын салу жұмыстарына тиісті қаржы бөлініп, мердігер «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалардың сметалық құны – 2,067 млрд. теңге.
Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 181 млн. 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Бұдан бөлек, өткен жылы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендері мен Абай ауылдық округіндегі Отан, Бейбітшілік елді мекендерін, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Ғ.Мұратбаев елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында және республикалық бюджеттен жалпы 1,6 млрд. теңге бөлінді. Мердігер мекеме – «РемСтрой» ЖШС. Жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды қолданысқа тапсырған соң 1407 абонент немесе 10 мыңға тарта тұрғын табиғи газбен қамтылады.
Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарына отандық сапалы өнімдер қолданылуда. Атқарған жұмыстарға 5 жыл кепілдік бар.2020-2022 жылдарға елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 38 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттарын ресімдеуге жергілікті бюджеттен 149,3 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 26 елді мекенге табиғи газ тарту бойынша ЖСҚ толығымен әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Оның ішінде 22 елді мекеннің құрылысына қаржы бөлуге ұсыныс жіберілген.