Қазір елімізде бар күш халықтың өмірін жақсартуға жұмсалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін тұрғындардың табысын көбейту, жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн. шаршы метр тұрғын үй салынатындығын алға тартып отыр. Оның ішінде 2023 жылы 15,3 млн. шаршы метр баспана тапсырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 5 мың шақырым инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа Құрылыс кодексі Мәжіліс қарауына енгізілмек.
Ал, өңірімізде ше… Тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың барлығы бірден баспаналы болып кетпесе де, лек-легімен қуанышқа бөленіп жатқан жағдайлар баршылық. Облыс әкімдігінің мәлімдемесіне сүйенсек, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 855 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Алғашқы 11 ай ішінде оның 811,5 мың шаршы метрі, дәлірек айтқанда, 6811 пәтер иелеріне тапсырылыпты.
Реті келгенде айта кетейік, жақында ғана облыс әкімі Дархан Сатыбалды 20 отбасыға пәтер кілтін тапсырып, 100-ге жуық тұрғын көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алды. Олардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды өсіріп отырған, толық емес отбасылар мен көп балалы отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Осы орайда, биыл облыс орталығында көлемі 200 мың шаршы метрден астам 51 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өту қажет. Бұл дегеніміз – 3296 пәтер, оның ішінде арендалық 709 пәтер иесін табады деген сөз. Ал, 2023 жылы тағы 64 тұрғын үй салынып, 4202 пәтер пайдалануға беріледі. Олардың басым бөлігі «7-20-25» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспаналы болмақ.
Сондай-ақ, бірнеше күн бұрын Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйден кезекке тұрған 60 отбасыға баспана кілті табысталды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта өңірімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне 51 852 адам тіркелген. Оның тоғызы екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектері мен қатысушылары болса, 1754-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және 14 266-сы көп балалы отбасылар. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын 22 965 тұрғын мен бюджеттік ұйымдардың 12 760 қызметкері кезекте тұр. Одан бөлек, жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған жүзге жуық азамат да бар.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, 2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 1670 отбасы баспаналы болса, биыл 483 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді және жыл соңына дейін қосымша 104 отбасыны пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал, 2023 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 596 отбасы пәтерге қол жеткізбек. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері 4283 отбасы баспаналы болған.
Бүгінде облыста жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған пәтер үшін кезекте тұрған азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді республикалық және облыстық бюджеттен субсидиялау жүзеге асырылып жатыр. Аталған мемлекеттік көмек 24 344 отбасыны кезегі келгенше баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деседі.
Таяуда Түркістан қаласында өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен баспасөз-туры өткен болатын. Сонда БАҚ өкілдері облыс орталығындағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған сапарында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген-ді. Бүгінде сол тапсырмалар аясында өңірде бірқатар мәселелер оң шешімін тауып келеді.
Журналистер алдымен «Жаңа қала» шағынауданында бой көтеріп жатқан 7 қабатты «Тұран» тұрғын үй кешеніне барды. Құрылысқа жауапты «Ныш Ер» ЖШС бас инженері Бақыт Асановтың айтуынша, жалпы саны 32 көпқабатты тұрғын үй алдағы маусым-шілде айларында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда нысанның құрылысын 13 мердігер мекеме жүргізіп жатыр. Жалпы құрылыстың ауданы – 19 813,44 шаршы метрді құрайды, яғни бір бөлмелі пәтер – 36, екі бөлмелі – 58, үш бөлмелі 69 шаршы метрді құрайды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің құны 180 мың теңге көлемінде болмақ.
«Облыс орталығында жыл соңына дейін жалпы саны төрт мыңнан астам пәтері бар 64 көпқабатты тұрғын үй тапсырылады. Оның 90%-ы «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары аясында берілсе, қалған 10%-ға жуығы тұрғын үй кезегінде тұрған және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр», — деді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбек.
Мұнан кейін БАҚ өкілдер көпқабатты тұрғын үйлердің және әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты екі тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Нысанда 126 пәтер бар. Әр қабатта 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер орналасқан. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары 70%-ға, сыртқы әрлеу жұмыстары 95%-ға, ішкі сылақ пен инженерлік желілер 35%-ға орындалған, ал, монолит жұмыстары толығымен аяқталған. Ауладағы паркинг 115 көлікке арналған, абаттандыру және инженерлік желілерін жүргізуге қаржы толық қарастырылған. Қаладағы ең биік нысан биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі екен.
Реті келгенде үй кезегінде тұрған облыс тұрғындарының қалай баспана ала алатындығына да тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Қазіргі таңда сұранысы мол болып отырған «7-20-25» бағдарламасы «БанкЦентркредит», «Fortebank», «JusanBank», «Евразия банкі», «BankRBK», «Халық банк», «Altyn bank» секілді екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Өтінім беретін Қазақстан Республикасы азаматының табыс көзі болуы керек. Сосын ипотекалық қарыздары, тұрғын үйге өтініш беру уақытында өтініш иесінің атында Қазақстан Республикасының аумағында баспанасы болмауы қажет.
«Бақытты отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасының негізгі шарты – тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне тіркелу, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда тұрғын үйдің болмауы, жылдық пайыздық мөлшерлеме 2 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз және мерзімі 20 жыл. Бұл бағдарламаға көп балалы, мүгедек балалары бар және оларды асыраушы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатыса алады.
Осы ретте келер жылы бөлінген қаржысы таусылатын «7-20-25» бағдарламасына алаңдап отырған азаматтарға да құлаққағыс жасай кетейік. Krisha.kz-тің хабарлауынша, Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзартылуы мүмкін екенін айта кетейік.