Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Онда ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге баса назар аударылған. Әсіресе «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға басымдық берілген. Мамандардың айтуынша, мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.
Ол ауылдардың әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту қажет екені сөзсіз. Сондықтан тұжырымдамада «жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланыс тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдарда өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидияланатын болады» деп көрсетілген. Сонымен қатар ауылдардың таза ауыз сумен – 100%, интернетпен 97% қамтылатыны айтылған.
Аталған шараларды жүзеге асыру үшін биыл ел аумағындағы 200 ауылды дамытуға қазынадан 55 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков былай дейді:
— Толықтай алғанда, бюджетті нақтылау аясында шығыстарды келесі бағыттар бойынша жалпы сомасын 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға 2 трлн теңге қарастырылған, — деді вице-министр 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы таныстыра келе.
Дәурен Темірбековтың айтуынша, бұйыртса осы жылы өңірлерді нығайту және инфрақұрылымдарды дамытуға 240 млрд теңге жұмсалады. Оның 109 млрд теңгесі қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтуға бағытталмақ.
— Қосымша шығыстар 2023 жылы қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 99 пайызға, ал ауылдық елді мекендерде 96,5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан ары жүзеге асыру үшін заң жобасында 55 млрд теңге көзделген. Бұл шығыстар 200 ауылдық елді мекенді жаңғыртуға жұмсалады, — дейді ол.
Вице-министрдің дерегінше, заң жобасында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 24 млрд теңге көзделген. Бұл қаражатқа шағын қабатты 550 тұрғын кешеніне және жеке тұрғын үйге арналған шамамен 15 мың жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар ірі қалалардың шағын және моноқалалардың аумақтарын дамытуға 27 млрд теңге қарастырылған.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз. Түркістан облысы аумағындағы ауылдарда соңғы жылдары көптеген шаралар қолға алынуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әр өңірде халықпен кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап-тілегін ұдайы тыңдап келеді. Айталық, таяуда өңір басшысы Сарыағаш ауданы тұрғындарымен жүздесіп, түскен өтініштерді назарға алған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, талап-тілектер зерделеніп, бірқатары шешімін тауып жатыр. Мәселен, Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекенінің тұрғыны электр желілері жүргізілмей қалған бір тұрғын үйдің мәселесін қарауды сұраған еді. Мәселенің түйіні шешіліп, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жаңадан электр бағанасы орнатылып, іске қосылды. Сонымен қатар, кездесуде Сарыағаш қаласы, Ш.Гүлзары көшесіндегі №3 мекенжайда орналасқан жатақхана тұрғынының қиын жағдайы туралы айтылған болатын. Аудан әкімі жатақханаға арнайы барып, тұрғын үй комиссиясының көшпелі жиынын өткізді. Нәтижесінде, тұрғындармен келісімге келе отырып, аз қамтылған бір отбасы үш бөлмелі пәтерге қоныс аударды.
Қазіргі таңда өңірімізде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес аймақты газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жақында Шардара қаласындағы үш шағынауданға газ берілді.Табиғи газды жеткізу үшін 47 шақырым газ құбыры жүргізілді. Жоба құны – 140, 940 млн. теңге. Газ өткізу жұмыстары республикалық және облыстық бюджет есебінен Шардара қаласының ТКШ бөлімінің тапсырысы бойынша жүргізілді.1700-ге жуық тұрғынды үздіксіз газбен қамтамасыз ету жобасын «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды.«Газ, әрине, тұрмыс-тіршілікті жеңілдететін игілік, бірақ, сонымен бірге газбен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс», — дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.
«Көгілдір отын»тұрғындарды қыс мезгілінде газ, көмір жағып, күл шығару машақатынан құтқарады. Сонымен қатар табиғи газды тамақ дайындау және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланған кезде тұтынушылардың шығындары азаяды. Сонымен қатар қаланы газдандыру аймақтың экологиялық жағдайын да жақсартады.Айта кетсек, қазіргі уақытта Шардара қаласында 31 845 тұрғын, 4 600 жеке тұрғын үй, 75 көпқабатты тұрғын үй, 54 мемлекеттік және әлеуметтік нысан, 215 кәсіпкерлік нысан, 7 өндірістік нысан бар.Қаладағы 14 шағынауданда газ құбырлары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 3 кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде 3150 тұрғын үй табиғи газға қосылды. Бүгін аталған жұмыстардың екінші кезеңі аяқталып отыр. Ал, соңғы үшінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанда тағы 1870 шардаралық тұрғын «көгілдір отынның» шарапатын көреді.
Жақында Сайрам ауданы аумағындағы Таскешу ауылына «көгілдір отын» жеткізілді. Осыған орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Б. Хасанов қатысып, таскешулік тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысына тоқталды.
Табиғи газға қол жеткізген аталмыш ауыл тұрғындары да «енді көмір тасып, күл шығармайтын болдық» деген жүрекжарды тілектерін жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.Айта кетейік, «Таскешу ауылын табиғи газбен жабдықтау» нысанының құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарына қазынадан 249 млн. 450 мың теңге бөлінді. Бүгінде мұнда 310 үй табиғи газды тұтына бастады. Қазіргі таңда Сайрам ауданында 6 елді мекенде газ құбырының құрылысы жүргізілуде.
Бәйдібек ауданында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Айталық, Шаяндағы тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бойынша барлық көшелердегі су құбырлары жаңартылды. Биыл пайдалануға беріледі. Су құбырын жаңарту кезінде қазылған жолдарды жөндеу мақсатында биыл орталықтағы 14 көшеге жаңадан асфальт жол төселетін болады. Одан бөлек, екі қабатты үйлердің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жөнделеді. Орталық көшелердің бойынан төрт жерге бір мезгіл тұрғындар демалып отыратын шатырлар орнатылатын болады.
Сонымен қатар құрылысы жүргізіліп жатқан 100 мың кітап қорына арналған кітапхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Шаян ауылынан 170 гектар (1160 учаске) жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Аталған инфрақұрылым аяқталғанда кезекте тұрған 1495 тұрғын үйіргелік жермен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, 1 қабатты 20 үйдің және орталық стадион құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптамалық қорытындысы алынды.Жалпы, аудан орталығында биыл атқарылатын бірнеше жоба бар. Бұл жобалар қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асады.