Жуырда облыс орталығында жаңа туристік маусымның ашылуы өтіп, өңірге келушілер қатары арта түсті. Статискалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан қаласына жыл басынан бері 130 503 турист келген. Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Алпысбайұлының мәлімдеуінше, оның 129 645-і ішкі туристер болса, 858-і шетелдік қонақтар.
Бүгінде шаһарда туристерге қолайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. 2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша айтар болсақ, қаладағы орналастыру орындарының саны – 57-ге жеткен. Ал, демалыс нөмірлерінің саны – 1199 болса, төсек-орын саны – 2557-ге көбейген.
Одан бөлек, жыл соңына дейін қалада 5 жұлдызды «Medina palace» қонақүйі мен «Мұз айдыны» спорт кешені пайдалануға беріліп, туристерге арналған демалыс орындарының саны көбейе түспек.
Айта кетейік, Түркістанда тағы бір туристік нысанның іргетасы қаланды. Таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа апарт-отельдің құрылыс жоспарымен танысып, инвестордың жұмысына сәттілік тіледі. Саяхатшыларға ыңғайлы қонақүй кешені жобасының инвестициялық құны – 1,71 млрд. теңге. Төрт қабатты ғимаратта бір бөлмелі – 66, екі бөлмелі 9 орынжай бар. Апарт-отель жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Түркістан облысында соңғы жылдары қонақүйлер көбейіп келеді. Облыста 225 орналастыру орындары: қонақүйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерьлері және 68 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Өткен жылы жалпы сомасы 22,86 млрд. теңгеге 19 туристік нысан пайдалануға берілді. Олардың ішінде «Platinum», «Khan palace», «Almaty hotel» қонақүйлері, «Шаға» туристік-рекреациялық орталығы, «Отау» ойын-сауық орталығы, туристерге арналған «Сапар» орталығы және өзге де нысандар бар.
Соңғы мәліметтерге зер салсақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 805 383 адамды құраған. «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайына 420 064 адам келген. Биыл туристер саны одан да көп болады деп күтілуде.
Өңірімізде туристік әлеуметі жоғары аудандар жетерлік. Солардың бірі – Отырар ауданы. Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Тарихи өлкеде ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
– Бұл аймақ Түркістан қаласымен бірге дамиды. Туристік әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтырады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын күшейту маңызды. Алдағы екі жылда ауданда 16 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Arm Wind» серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын күн электр стансасы салынып жатыр. Балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да маңызды. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге. Сонымен бірге, 400 ірі қараға арналған құны 1,1 млрд. теңгелік «Ontustik Altair» сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деген жоспар бар. Ауданды дамыту жұмыстары одан әрі жалғасады. Бұл ретте сіздер де сол жұмысты қадағалап, назарда ұстауларыңыз керек. Мәселелерді ақылдасып шешуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі бағытта сұрақтар қойылды. Инфрақұрылым, ауыз су, жол салу, шіркейден залалсыздандыру, жердің құнарын арттыру және өзге де түйткілдер ортаға салынды. Осы күні өңір басшысымен бірге құқық қорғау органдары жетекшілері мен басқарма басшылары да бірыңғай қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Тұрғындар құзырлы орган басшыларымен еркін пікір алмасып, көкейдегі сауалдарын қойды. Бірқатарының шешімі сол сәтте айтылса, бірқатары назарға алынды.
Айта кетейік, былтырғы кездесу нәтижесі бойынша ауданда біраз өтініш орындалған. Бірқатарына тоқталсақ, Отырар ауданының зейнеткерлері аудан орталығында ардагерлерге арналған демалыс орнын ашу мәселесін көтерген болатын. Шәуілдір ауылындағы бұрынғы қонақүйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, былтыр қыркүйек айында ардагерлерге арналған демалыс орны ретінде пайдалануға берілді. «Шәуілдір–Көксарай» жолын жөндеу бойынша түскен өтінішке байланысты, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Талапты ауылының тұрғындары табиғи газды тезірек беру мәселесін көтерген болатын. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Талапты ауылы табиғи газға қосылды.
Былтырғы жылдың қорытындысымен Отырар ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,8 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 25 млрд. теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 8 млрд. теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 35,5 млрд. теңгеге өнім өндірілген. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 2 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Балтакөл, Қарғалы ауылдық округтерінде биыл «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер берілмек.
Шәуілдірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынды жаңа мектептің кұрылысы жоспарлануда. Талапты ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияны салуға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Маяқұм, Отырар, Аққұм, Сарыкөл елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 70 млн. теңге қаралды. Табиғи газ жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Қарғалы, Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты, Сырдария, Сарыкөл елді мекендерін газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы Ақтөбе, Ақкөл, Арыс, Отырар, Көксарай, Қоғам, Ынталы, Көкмардан елді мекендерінде 14 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 518 млн. теңге бөлінген. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Реті келгенде айта кетейік, Сауран ауданы да өңір туризмі үшін өте маңызды аумақ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан аудан халқы кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығына да ерекше ден қойған. Одан бөлек, көне шаһар аумағында жаңа нысандар да көптеп бой көтеріп келеді. Мәселен, ауданға биылғы жылдың І тоқсанының өзінде 6 млрд. 428,9 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Жалпы, 2023 жылы құны 13 млрд. 129 млн. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев былай дейді:
– Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсем, Оранғай елді мекенінде «Балмұздақ» ЖШС-нің балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтайтын қойма салу және «Ныш Ер» ЖШС-нің демалыс аймағы және қонақүй салу жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ал, Шаға ауылдық округінен «Яссы Agro.kz» ЖШС-нің жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасын жүзеге асыру қолға алынады. Үшқайық ауылдық округінен «Иманқұл ата» ШҚ-ның балық шаруашылығын дамыту мен Шорнақ елді мекенінен «Sauran Plast» ЖК-ның қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасын, сондай-ақ, Ескі Иқан елді мекенінен «AgroFoodTrade» ЖШС-нің мақта майын өндіру цехы жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Сауран ауданында 6010 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ, биыл ауданға қарасты Аша елді мекеніндегі ауыз су жүйесі құрылысының екінші кезеңі аяқталып, іске қосылса, шалғайда орналасқан 3 елді мекенде кешенді блок модуль орнатылмақ. Ал, өткен жылы Жүйнек, Шыпан, Қызылжол, Достық елді мекендеріне су мұнарасы орнатылып, Бостандық, Еңбекші Диқан, Шоқтас елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Одан бөлек, аудандағы 35 елді мекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтылса, 1 елді мекеннің тұрғындары күн сәулесі батареяларынан қуат алып отыр. Осы ретте аудандағы халық санының өсуіне байланысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 13 трансформатор орнатылса, биыл оның тағы 37 данасы іске қосылғалы тұр.
– Сонымен қатар, елді мекендердегі тұрғындар жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Ал, 11 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты
6 елді мекен табиғи газды пайдаланып отыр. Биыл Ескі Иқан, Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас елді мекендері тұрғындары табиғи газды тұтына бастайды. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен 7,5 шақырымды құрайтын 1 аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы 15 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ, жарықтандыру жүргізілді. Биыл бағдарлама аясында 11,2 шақырым, ал, жергілікті бюджет есебінен 12,3 шақырым жол жөндеуден өтеді, – дейді аудан әкімі.