Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Аталмыш тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Соның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойған еді.
Құжатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Бұйыртса, мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналатын болады.
Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдардың әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланыс тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.
Реті келгенде өңірімізде ғаламтормен қамтылмаған елді мекендердің де бар екенін айта кетейік. Нақты деректерге сүйенер болсақ, бүгінде Түркістан облысында 831 елді мекен болса, соның 177-сі мобильді интернетпен қамтылып отыр. Қалған 62 елді мекенде мүлдем байланыс жоқ. Жалпы цифрландыру бойынша ұлттық жобаға сәйкес, Түркістан қаласында бейнебақылау камераларының санын 3127-ге жеткізу жоспарланған болатын. Байланыстың болмауының салдарынан бұл жоспар толық орындалмады.
— Ауылдық аймақтарда байланыс пен интернет сапасы нашар. Әрбір ауданға барған кезде тұрғындар осы мәселені көтереді. Облыс тұрғындарын сапалы интернетпен қамту және қауіпсіздігін бақылау мақсатындағы жұмыстар төмен деңгейде. Әсіресе, мектептерде бұл бағыт жүйеленбеген. Жауапты басқармалар, аудан және қала әкімдерімен бірлесіп, талдау жүргізіңіздер. Операторлармен жиын өткізіп, жоспарды талқылаймыз. ІТ саласында мамандар даярлау да маңызды. ІТ мектептер тек облыс орталығына ғана емес, әрбір ауданға керек. ІТ бағытындағы университеттерге де сараптама жасап, жалпы цифрландыру саласын түбегейлі модернизациялау қажет. Сіздерден нақты нәтиже мен ұсыныс күтемін, – деп облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталмыш мәселені сынға алып, жауаптыларға цифрландыру бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.
Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдірахмановтың айтуынша, ұялы байланыс операторларының базалық стансаны орнатудан бас тартуының себебі – кейбір елді мекендерде халық саны 250-ден аз. Министрлікпен айқындалған шарттарға сәйкес халық саны одан төмен болмауы тиіс.
Басқарма тарапынан 2023-2027 жылдар аралығында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде. Бағдарлама аясында талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қолжетімділікті арттыру бойынша 389 елді мекен және 758 мемлекеттік мекемені қамту ұсынылған.
Халықаралық, республикалық және облыстық жалпы 4737 шақырым жол торабын 4G технологияларымен қамту жоспарлануда. Туристік аймақтарды мобильді кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынған. «Соңғы мобильді» субсидиялау арқылы ғаламторды ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылығына дейін жеткізу де көзделуде.
Қазіргі таңда облыс көлемінде 3G стандартын қолданатын 437 елді мекен болса, 2023-2029 жылдар аралығында базалық стансалар модернизациялаудан өтеді. Ал, 2023-2024 жылдары инвестиция көлемі 1,64 млрд. теңгені құрайды. Облыста қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 1067 бейнебақылау камерасы орнатылған. Соның нәтижесінде бүгінде жол-көлік оқиғалары 4,6 пайызға төмендегені анықталды. Дегенмен, қылмыстық құқық бұзушылықтар, оның ішінде ұрлық жасау 1,4 пайызға көбейген. Осыған орай, биыл 1700 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда.
Жалпы Үкімет ұсынған ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тартуға, оларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетуге, туризмді дамытуға, экспортты ынталандыруға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және т.б. қызметтерге негізделіп отыр.
Аталған шаралар толықтай іске асырылған жағдайда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайызға дейін, ал, ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдар сумен – 100 пайыз, интернетпен 97 пайыз қамтылатын болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша айтар болсақ қазіргі таңда республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар. Онда ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 млн. адам тұрады.