Өңірімізде орта білім беру мекемелерінің саны 961 болғанымен, мектеп жетіспеушілігі әлі де сол баяғысынша өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Айта кетейік, Түркістан облысы елімізде туу көрсеткіші бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда алда келеді. Биылдың өзінде жыл соңына дейін 60 мыңға жуық бала өмірге келеді деген болжам бар. Өткен жылы 54570 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған еді. Облыста халық тығыз қоныстанған елді мекендердегі мектептерде 1-сыныпқа барған балалардың саны 300-ден асып кеткен. Жекелеген сыныптағы оқушылардың саны 40-тан асады.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, келер жаңа оқу жылында 1-сыныптың табалдырығын 55 мыңнан аса бала аттайын деп отыр. Сондықтан өңіріміздегі мектеп жетіспеушілігіне байланысты туындаған мәселелерді дер кезінде шешу аса маңызды болуда. Ол қандай мәселелер? Енді сол туралы толығырақ айта кетейік. Соңғы 10 жылдың ішінде облысымызда 292 мектеп салыныпты. Оның ішінде Түркістан облысы құрылғалы 134 мектеп бой көтерген екен. 2020 жылдан бастап білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі енгізілуіне байланысты білім беру саласын басқару, бюджетті бөлу функциялары аудандық деңгейден облыстық деңгейге берілді. Осыған байланысты алдыңғы жылдан бастап мектептердің құрылысына облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып бекітілді. Оған дейін мектеп құрылысына тапсырыс беруші аудан және қала әкімдіктері болған.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, аудан және қала әкімдіктері өтпелі кезеңде салынып жатқан мектептерді қабылдау уақытын бірқатар себептермен созып отырған. Бұл мектептердің құрылысын уақтылы қаржыландыруға кедергісін тигізді. Бұдан бөлек, әлемдік пандемия салдарынан және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты, құрылыс компанияларының жобалық-сметалық құжаттамаға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта түзетуден өткізу туралы өтініш түсіп, құрылыс жұмыстарының бәсеңдеуіне әкеп соқты. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын нысандар құрылысы құнының қымбаттауына қатысты проблемалық мәселелер Үкімет деңгейінде де қаралды.
Айталық, 2021 жылы бөлінген қаржыға сәйкес пайдалануға берілуі тиіс 44 мектепті немесе 11150 оқушыға арналған орынды тапсыру үшін құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құрылыс жұмыстарын тоқтатпау арқылы жоспарланған меже орындалды. Сонымен қатар дәл осылай 2022 жылы бөлінген қаржыға сәйкес пайдалануға берілуі тиіс 21 мектепті тапсыру үшін құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құрылыс жұмыстарын жандандыру арқылы жыл аяғында жоспар толығымен орындалды. Қазіргі таңда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылысы тоқтап тұрған мектептердің мәселелері қатаң бақылауда тұр. Жосықсыз мердігерлер тізімі де жасақталды.
Бүгінгі таңда 2023 жылға өтпелі 33 мектептің 17-сі бойынша мердігер компаниялардан 2017, 2018, 2019 жылы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта түзетуден өткізу туралы өтініштер келіп түсуде. Жобалық-сметалық құжаттамалардағы бағаны биылғы бағамен салыстырғанда 2017 жылғы жобалар 130 пайызға, 2018 жылғы жобалар 80 пайызға, 2019 жылғы жобалар 50 пайызға өскені анықталды. Мәселен, 2021 жылғы маусым айында 8 мектеп құрылысы басталып кеткен, 4 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ресімдері жүргізіліп жатқан кезде материалдар қымбаттаған, ал, қалған 5 мектептің құрылысының ЖСҚ-сы 2019 жылы әзірленген. Бұл 5 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ресімдері 2022 жылы өткізіліп, келісімшарт сол жылы түзілген.
Қазіргі таңда проблемалық 17 мектептің 3-еуі (Қазығұрт ауданында 100 орынды мектеп, Отырар ауданында 100 орынды мектеп, Ордабасы ауданында 300 орынды мектеп) бойынша келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты мердігер мекемелермен келісімшарт бұзылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы істері сотқа берілген. Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы 600 орынды және 300 орынды, Мақтаарал ауданындағы 200 орынды 2 мектептің мердігер мекемелері тарапынан келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты оларды келісімшартты бұзу және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы іс сотқа берілген. Қалған 10 мектеп бойынша алдағы уақытта құрылыс жұмыстары бәсеңдеген немесе келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда заң аясында шара қолданылатын болады.
Проблемалық мектептердің мәселесін шешу мақсатында өз міндеттемелерін орындамағаны үшін келісімшарты бұзылған мектеп құрылыстарының ЖСҚ-лары қайта түзетуден өткізіледі.
Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, конкурс нәтижесінде анықталған жаңа мердігер мекемелермен келісімшарт түзілетін болды. Мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау қажеттігі жөнінде міндет жүктеледі.
Орайы келгенде тілге тиек ете кетейік, Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында Дербісек, Қызылжар, Құркелес, Көктерек, Тегісшіл ауылдық округтері аумағынан 10 мектеп салу жоспарланып отыр. Аталған ауыл округтерінде мектептер жетіспейтіндіктен балалар көрші елді мекендерге қатынап оқуда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Онда көзделген негізгі мақсаттардың бірі осы жаңа мектептер салу. Әсіресе, ауылдардағы білім ошақтарын заман талабына сай етуге ерекше назар аударылатыны айтылған. Сол арқылы халықтың ауылдан көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша айтар болсақ, қазіргі таңда республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар. Онда ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 млн. адам тұрады.