Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында жол мәселесі өте маңызды. Бүгінде аудан тұрғындары тарапынан бірнеше жылдан бергі өзекті мәселеге айналған республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған жолға арнайы барып, жөндеу жұмыстарымен танысты.
Жоспар бойынша А-15 автомобиль жолының 197-220 шақырымдары аралығында жалпы ұзындығы 23 шақырымын жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Аудан басшысы нысанды аралау барысында жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мердігер мекемесіне және тиісті бөлім басшысына жолдың сапасын жөндеу біткен соң емес кемшіліктерді алдын ала анықтап, жою керектігін ескертті.
Қазіргі таңда «ӘлемТрансстрой» ЖШС-і мердігер мекемесі тарапынан бірінші қабат асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.