Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұйыртса, ағымдағы жылы 516 елді мекенді (62%) табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Ал, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы ңірімізде газбен қамтылған елді мекендердің санын 722-ге (86,8%) жеткізу жоспарланып отыр. Облыста алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген болатын. Қазіргі таңда өңірімізде газ нысандарының құрылысы қатаң бақылаудан өтіп жатыр. Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы саладағы мәселелерді талқылау үшін кезекті рет мәжіліс өткізіп, жауапты басқарма басшысының есебін тыңдады. Және өңір басшысы өз міндетін дұрыс атқармаған мердігерлерге заң шеңберінде шара қолдануды тапсырды.
– Аудан, қалалардағы газ нысандарының құрылысын түгел тексеріп шығыңыздар. Мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізілсін. Бізге жұмыстың сапалы біткені керек. Әрбір нысан жобалық-сметалық құжаттағы талаптарға сай жүргізілуі керек. Одан артық ештеңе талап етіп жатқан жоқпыз. 30 тамызға дейін газ нысандарының құрылыстарын аяқтаған жөн. Ал, мониторинг барысында анықталған кемшіліктер мамыр айының ішінде толық қалпына келтірілсін. Елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамту жұмысын да назарда ұстаңыздар. Аудан, қала әкімдері әрбір жобаның басы-қасында жүріп, нысандарды қабылдап алсын, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәлімдеуінше, Түркістан облысында 465 елді мекен газбен қамтылған. Биыл 101 нысанға қаржы бөлініп, жұмыстары басталды. Оның 70-і биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде Ордабасы ауданында 28 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс көлемі өте ауқымды. Басқарма тарапынан Ордабасы ауданындағы газ нысандарына тексеру жүргізіліп, кемшіліктер анықталған. Мәжілісте Ордабасы ауданының әкімі мен басқармаға осы мәселелерді шешіп, газдандыру жұмысын сапалы атқару тапсырылды.
Мәжілісте өңірді сапалы электрмен қамту мәселесі де талқыланды. Аудандардағы түйткілдер тарқатылып, жауапты басшыларға жұмысты жандандыру тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі бірқатар аудандарда тұрғындармен кездесіп, түйіткілді мәселелерге қатысты пікір алмасқан болатын. Созақ ауданында өткен сондай жиындардың бірінде ауданға газ құбырын тарту кезек күттірмейтін міндет екені айтылған-ды. Бүгінгі таңда өңірде осы бағытта бірқатар шаралар атқарылуда.
Мәселен, автоматтандырылған газ тарату стансасының магистральды газ құбыры тармағын салу жобасы. 2019-2022 жылдар аралығында оған 2 413 255,0 мың.тг қаржы бөлініп, Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі магистральды газ құбыры траншеяға 100 пайыз көмілді. Бүгінге дейін Жаңатас қаласына бұрылатын тұстан Созақ ауданына дейінгі магистральды газ құбыры мен АГТС құрылысы аралығына 840 дана электр бағаналары орнатылып, 15 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, 4 дана найзағайдан қорғау құрылғысы орнатылды. 43,8 шақырым құбырға арналған траншея дайындалып, автоматтандырылған газ тарату стансасының аумағы қоршалды.
Ал, ағымдағы жылы автоматтандырылған газ тарату стансасының қондырғыларын орнату, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд. 202 мың 719 теңге қаржы бөлінді. Қалған 411 млн. 221 мың теңге бөлінген жағдайда АГРС іске қосылатын болады.
Сонымен қатар, Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу да жоспарланған болатын. Аталған жобаға 2021-2022 жылдар аралығында 3 млрд 107 мың 095 теңге қаржыға 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3500 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалған. Қалған 345 234,0 теңге қаржы 2023 жылға қарастырылған. Ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сауранда газ тұтынбайтын елді мекен көп. Реті келгенде аталған ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысына да тоқталуды жөн көріп отырмыз. Айталық, қазіргі таңда ауданда 12 ауыл округі, 36 елді мекен бар. Оның ішде 11 елдімекен табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 31,4 пайызды құрады. Үшқайық ауылдық округіне қарасты 4 елді мекенге, атап айтар болсақ, Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов елді мекендеріне 2022 жылдың сәуір айынан бастап газ берілді. Жалпы абонент 864 болса, соның 329-ы табиғи газға қосылды. Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтеріне қарасты 6 елді мекенде, атап айтар болсақ, Ибата, Ойық, Шаға, Бершінтөбе, Шоқтас, Қазақстан 30 жылдығы елді мекендерінде 3895 абонент болса, соның 59-ы көгілді отынды тұтына бастады. скі Иқан ауыл округіндегі 1 елді мекен, атап айтар болсақ, Иқан елді мекеніде 2322 болса, соның ешқайсысы әлі газға қол жеткізіп үлгерген жоқ.
Енді биыл тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды күшейту көзделген. Осы бағытта әзірленген сметалық жобалық құжаттамаларға тоқтала кетсек. Мәселен, Кентау қаласына қарасты болған Оранғай ауылында газ құбырларын тарту мақсатында жүргізілетін құрылыстың сметалық құны – 1 819,559 млн. теңге. Кентау қаласына қарасты Жүйнек, Қарашық ауылдық округтеріне газ құбырларын тарту мақсатында жүргізілетін құрылыс жұмыстарының сметалық құны – 4 956,093 млн. теңге. Кентау қаласы Шорнақ ауыл округіне қарасты Шорнақ елді мекеніне газ құбырларын тартуға арналған жобаның сметалық құны –1 129,916 млн. теңге. Кентау қаласы Шорнақ ауыл округіне қарасты Қосмезгіл елді мекенінде газ құбырларын тарту мақсатындағы жобаның сметалық құны –1 599, 045 млн. теңге.
Ал, енді өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында әзірленіп жатқан сметалық жобалық құжаттамалар жайлы да айта кетсек. Сауран ауданы Оранғай ауылдық округіне қарасты Бостандық және Қосқорған елді мекендері тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында аталған елді мекендерге газ құбырларын тартуға арналған құрылыс жұмыстарының, Сауран ауданы Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші Дихан елді мекені тұрғындарын табиғи газбен қамту мақсатында аталған елді мекенге газ құбырларын тартуға арналған құрылыс жұмыстарының, Кентау қаласы аумағындағы Жүйнек, Қарашық, Оранғай ауыл округтері тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында аталған елді мекендерде жүргізілетін құрылыс жұмыстарының, Кентау қаласы Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекені тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында аталған елді мекендерде қолға алынатын құрылыс жұмыстарының сметалық-жобалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
Бәйдібек ауданында да газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 17 елді мекен табиғи газды тұтынуда. Қалған елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылуда. 2021 жылы Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ, Жолғабас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Нысан толық аяқталған соң 5 елді мекен тұрғындары табиғи газдың игілігін көретін болады. Сонымен қатар 2023 жылы аудандағы Жоғарғы Боралдай, Тайманов, Теректі, Жиенқұм, Шақпақ, Қазата, Ағыбет, Алғабас, Кеңестөбе, Бәйдібек ата елді мекендері және Шаян елді мекеніндегі 20 коммуналдық (жалдық) тұрғын үй мен 55 гектар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымында салынатын тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша тиісті қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ, аудандағы 10 ауылдың (Жаңаталап, Таңатар, Қошқар ата, Тұрақты, Жұлдыз, Қаратас, Ақжар, Кеңсай, Жарықбас, Алмалы) газ құбырларының құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Жалпы, 2023 жылы Бәйдібек ауданындағы халықтың 82 пайызын газбен қамту жоспарлануда.
Мақтаарал ауданы аумағындағы Мырзакент елді мекенінің тұрғындары да биыл «көгілдір отынға» қол жеткізетін болады. Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Оның біреуі шалғайда орналасқан. Сол 69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1 пайызын, халық санының 68,5 пайызын құрайды.
Былтыр Иіржар ауыл округіне қарасты болған 9 елді мекенді, атап айтар болсақ Дихан, Иіржар, Азат, Азамат, С.Рахимов, Мақтажан, Шапағат, Наурыз, Алаш елді мекен тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстарына бюджеттен 3,1 млрд. теңге қаралып, толық игерілді. Аталған елді мекендердегі құрылыс жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Сала мамандары құрылыс жұмыстарын аяқтауға қосымша 778,6 млн.теңге қажет екенін айтады. Айта кетейік, аталған 9 елді мекенде 1720 отбасы, 10658 халық тұрады.
Сонымен қатар, Мырзакент кентіндегі Жоба 1, 2 көшелеріне және Пернебаев елді мекеніндегі 16 коммуналдық үйге газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға аудандық бюджеттен 37,0 млн.теңге қаралған. Жобаның жалпы құны – 55,9 млн. теңге. Оның 18,9 млн.теңгесі биылғы жылға қаралған.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде алдағы 3 жылда 259 елді мекенді табиғи газға қосылып, 2025 жылы тұрғындарды көгілдір отынмен қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 003 мың халыққа (96,5%) жеткізілетін болады.