Қонаев қаласындағы «Қапшағай» су қоймасында желкен спортынан кезекті Қазақстан чемпионаты аяқталды. Түркістан облысының спортшылары 12 медаль жеңіп алды.
Атап айтар болсақ, 4 алтын, 6 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Жеңімпаз және жүлделі орын алғандар — Д.Жарменов басқаратын Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары.
Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары атанған түркістандықтар Анатолий Чуриков пен Богдан Рожанский екі алтын иеленсе, тағы да бір талантты жерлесіміз Заңғар Әбдірахман мен Станислав Пичугин де жеңістің шыңын бағындырды. Ал күміс жүлдеге ие болған Алишер Чехомов пен Артём Богдаев өздерінің мықтылықтарын көрсетті. Сонымен қатар Александр Вакуленко мен Анастасия Данькова қос күміс иеленсе, Светлана Чурикова әйелдер арасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұдан өзге талантты спортшы қыз Кристина Малахова да күміс алқаны иеленді.
Ал Шакизада Бакдаулет пен Никита Малахов қола жүлдені қанағат етті.
Түркістан облысының талантты спортшыларын аға жаттықтырушысы С. Пичугин баптады.