Түркістанда ерекше балалардың армандары орындалды. Өткен жылы облыс орталығында бастау алған «Армандар орындалады» жобасы биылда өз жалғасын тапты. Қайырымды жандардың демеушілігімен аталған іс-шара бүгін 9-шы рет ұйымдастырылды.

Облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен басқосуға Кентау қаласындағы ерекше балалар да қатысты.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова іс-шараға қатысушы барлық бүлдіршіндерді 1-маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Арманын айтып қала әкіміне хат жазған балаға сыйлығын табыстап, жарқын болашақ тіледі. Игі шараға қалалық маслихат төрағасы Қ.Елеусізов, маслихат депутаттары Б.Құдайбергенов, А.Шалданбаев қатысып, бірқатар балаларға сыйлықтар табыс етті.
Жалпы жоба басталғалы осы сәтке дейін 160 ерекше қажеттілігі бар баланың армандары орындалса, жыл басынан бері аталған жоба 33 балаға қуаныш сыйлап үлгерген.

Алғашқыда түркістандық ерекше балаларды қуантқан ұйымдастырушылар бүгінде Кентау қаласы мен Отырар, Бәйдібек аудандарынан келген балалардың арманын орындап жатыр.
«Армандар орындалады» жобасы жалғасып жатқаны ниеті түзу жандардың көптігінен деп ойлаймын. Тоғызыншы рет өткізілген іс-шара бұрынғысынан өзгеше болды. Бұл жолы облыс аумағындағы қалалар мен аудандарды қамтып, ерекше балаларды армандарын орындап отырмыз. Демек, қала көлемінде басталған жобамызды облыстық деңгейге көтерілді. Басқа ауданнан келген балалардың біразы Түркістанға алғаш рет келуі екен. Қуаныштарында шек жоқ. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлай алғанымыз үшін біз де керемет күй кештік», дейді жобаның негізін қалаушы Әсел Бимырзаева.
Ерекше қажеттілігі бар балалардың арманы жазылған хаттарды жүзеге асыруды мақсат еткен жоба болашақта да жүйелі түрде жалғасын табады.



