Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барған болатын. Өңір басшысы алдымен Төрткүл елді мекеніндегі құрылысы 2020 жылы басталған 300 орынды мектептің жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, өңір басшысы инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, индустриалды аймақты дамыту жөнінде аудан әкіміне тапсырма берді. Білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді тапсырды.
– Аудандағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар қордаланған мәселелер бар. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Құрылысы жүргізіліп жатқан газ нысандарының кемшіліктері қалпына келтірілмеген. Осы кемшіліктерді қысқа мерзімде жою үшін тиісті шаралар қабылдансын, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, Ордабасы ауданында 125 мыңға тарта халық тұрады. Он ауылдық округ бар. Жалпы аудан бойынша елді мекендердің инфрақұрылымдарын жүргізуге 2022 жылы 13 млрд. 995 млн. теңге жұмсалған болса, 2023 жылы 16 млрд. 072 млн. теңге осы мақсатта бағытталады.Айталық, бүгінгі күнде ауданда 57 елді мекеннің 48-і құбырлы ауыз сумен қамтылған. Шұбарсуды есепке алынғанда.Тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткіші 92,4 пайызды құрап отыр.
Жалпы бюджеттен ауыз сумен қамтуға 2022-2023 жылдары 9 млрд. 127 млн. теңге жұмсау жоспарланған. Оның ішінде 2022 жылы 6 елді мекеннің құрылыстары аяқталып, сапалы ауыз сумен қамтылды. Яғни, 1125 абонент қосымша құбырлы ауыз сумен қамтылып, ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткіші 99,1 пайызға жетті.
Биыл Шұбарсу ауылындағы ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары аяқталатын болады. 5 430 абонет сапалы құбырлы ауыз сумен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар, Мәдениет, Жұлдыз, Ынтымақ елді мекендерін құбырлы ауыз сумен қамту жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.
Ордабасы ауданы Түркістан өңірінің экономикасына серпін беретін бірден-бір аймақ болып табылады.
– Бүгінгі таңда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 94,6 пайызды құраса, биыл жыл соңына қарай көрсеткіш 99 пайызға жеткізілмек. Ауданның елді мекендері толық орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Ал, автомобиль жолдары бойынша елді мекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 45 пайыздан 48 пайызға жетті. Топырақ жолдардың үлесі 41,2 пайыздан 35,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, өңірде елді мекен көшелерінің 20,6 пайызы жарықтандырылған. Сондай-ақ, ауданда былтыр 6 мектептің құрылысы жүргізіліп, 3 нысан пайдалануға берілсе, үшеуі 2023 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп құрылысы үшін жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. Биыл 300 орынды бір мектептің құрылысы басталады, – дейді аудан әкімі Нұрбек Бақтыбайұлы.
Жақында облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін тапсырған-ды. Ауыз суға қатысты жобаларды жеделдетуді міндеттеді.
– Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталатын болады.
Аталған шаралар атқарылып, нысандар пайдалануға берілген жағдайда су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізбек. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында орналасқан.Айта кетейік, Сарыағаш ауданы Қабланбек ауылдық округіне қарасты Ақниет, Жонарық және Қанағат елді мекендеріне ауыз су жеткізу бойынша жүріп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталса, 878 тұрғын үй, яғни үш елді мекеннің 7 мыңнан аса тұрғыны таза ауыз су тұтынады. Ал, Қазығұрт ауданы ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 59-ға жетіп, қамту көрсеткіші 95,1 пайызды құрады. Айнатас елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 276,0 млн. теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар басталып кетті. Қызылдихан елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қолға алынған.