Ордабасы ауданында 57 елді мекеннің 9 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Оның ішінде 2022 жылы 4 елді мекенге газ құрылысы жұмыстарын жүргізіліп іске қосылды, мұнда тұрғындарды «көгілдір отырмен» қамту көрсеткіші 19,6 пайызға жетті.Былтыр 24 елді мекеннің құрылысы жүргізіле бастаған болатын. Жоспарланған жұмыстар 2023 жылға өтпелі болатын. Қазір бұл нысанда тиісті жұмыстар қолға алынған. 69 952 адам табиғи газбен қамтылды. Тұрғындарды табиғи газбен қамтукөрсеткіші 57,3 пайызды құрады. Ал, биыл жаңадан 4 нысан немесе 3 елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұйыртса, 2027 жылға қарай ауданда тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткізілетін болады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл 516 елді мекенді (62%) табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген.
Айта кетейік, биылдан бастап өңірімізде елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жасалынатын болады. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
– Халықты сапалы ауыз сумен, жарықпен, табиғи газбен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Тұрғындардың негізгі өтініштері де инфрақұрылымға қатысты болып тұр. Бұл саланы әрі қарай дамыта береміз. Облыстың инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Биыл газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.