Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында республика бойынша 6727 квота бөлініп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 8 облыс белгіленген болатын. Бөлінген квота негізінде, осы жылдың екі айында Түркістан облысынан 34 отбасы, оның ішінде 79 адам қоныс аударып үлгерді.
Аталған бағдарламаны жалғастыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысынан «Отандастар қорының» сарапшысы Мыңбай Әлфараби, «Tauekel» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов, Ақжар ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыржан Баржанов, облыстық маслихат депутаты Жаңабай Ағабеков өңір тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Нәтижесінде 50-ден аса оңтүстік өңірінің тұрғыны солтүстіктегі тіршілікті көру үшін жолға шықты. Теріскейге аттанған топтың қатарында БАҚ өкілдері де бар. Оларға 13 ауданды таныстыру жоспарланған. Көш қатысушыларын «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев және бірқатар облыстық мәслихат депутаттары салтанатты түрде шығарып салды.
– Осы көштің жандануына Түркістан облысы әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Елдік іске дем берген барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Бүгінге дейін еліміздің Солтүстік өңірлеріне 12 мыңға жуық қазақ жіберген қасиетті Түркістан облысы – көш мәселесінің нағыз инвесторы. Адам саны 2,2 миллионнан асып, жылына кем дегенде 60 мыңнан астам сәби туылатын бұл өңір қазақтың қанын құйған нағыз «донор» облыс боп есептеледі. Жалпы, Теріскейге баратын түркістандықтарды жарлы, көмек қажет ететін адамдар деген стереотиптен арылуымыз керек. Бұл өңір тұрғындары көмек алушы емес, қазақты құтқарушы азаматтар. Солтүстікке көш — еліміздің бекемдігі үшін өте қажетті шара. Елімізде 3,2 млн. жуық оқушының 530 мыңы Түркістан облысында екен. Солтүстіктегі ауылдарда жабылайын деп тұрған мекемелерді аман алып қалатын осы аймақтың азаматтары дер едім. Сондықтан да елім, жерім деген өңір тұрғындары ел іргесін бекемдеу үшін Теріскейге көшіп баруы керек, — деді Бурахан Дақанов.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өңірден 2015-2022 жылдар аралығында 11 892 адам қоныс аударған. 2022 жылдың қорытындысымен республика бойынша 6 587 квота белгіленсе, оның 32,3%-на Түркістан облысынан қоныс аударды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есеге ұлғайған.
Еске сала кетсек, сәуір айының 19-21 күндері Түркістан облысында ұлттық жоба аясында Солтүстік өңірлерге «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өткен болатын. Жәрмеңке барысында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарынан келген 76 маман оңтүстік өңіріне қарасты Сарыағаш, Келес, Сайрам, Ордабасы аудандарын аралады. Аталған жәрмеңкеде 4 өңір бойынша барлығы 3934 бос орын ұсынылған еді.