Төлеби ауданы өңіріміздегі туристік әлеуеті де, өндірістік көрсеткіштері де жоғары аймақтардың бірі болып табылады. Әсіресе, туристерді тарту тұрғысынан алдыңғы қатарда. Тиісінше, былтыр аудандағы 76 туристік нысан мен 64 саяжайға 41 488 демалушы келген. Оған қоса, былтыр Көксәйек ауылдық окургінде «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізіліп, мекеме балық шаруашылығы, тамақтану қызметі және сақ моншасын іске қосқан.
Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» курортында қосымша қонақүй және спорт кешенінің құрылысы жүргізілген. Төлеби ауданының табиғаты туризмді дамытуға қолайлы болғандықтан, бұл салаға тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. Осы ретте жеке кәсіпкер Қаратөбе ауылдық округі аумағынан «Нұрлы сан» демалыс аймағын іске қосуды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі 1 млрд. 500 млн. теңгені құраған. Аталған демалыс аймағында 45 коттедж, сауықтыру орталығы, футбол алаңы мен бассейн, теннис алаңдары салынып, 65 адам маусымдық, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Айта кетейік, былтыр Леңгір қаласында 180 пәтерлі 9 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта 60 пәтерлі 9, 40 пәтерлі 4 тұрғын үйдің жобасы әзірленіп, сараптамалардың оң қорытындылары алынып, қаржыландыру үшін салалық басқармаларға ұсынылды.
Реті келгенде өңірімізде туристік саланы дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқтала кетейік. Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып табылады. Облыс аумағында 1789 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар объект (Қ.А.Ясауи кесенесі), 34 республикалық маңызы бар ескерткіш, 423 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1332 объект алдын ала тізімдегі нысан болып табылады.Сондай-ақ, облыста 220 орналастыру орындары (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 72 санаториялық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді.Бұдан басқа, облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объекттер орналасқан. Олар: ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.



