Түркістанда төрт күн бұрын облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай «ART Turkistan» халықаралық өнер фестивалі бастау алды.
Шараның салтанатты ашылуына Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысқан болатын. Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Түркістан – түркілердің тұмары» атты симпозиумға еліміздің халықаралық дәрежедегі 12 үздік суретші қатысып жатыр.
Осы орайда, фестиваль шеңберінде бүгін бір топ БАҚ өкілдері қылқалам шеберлерінің жұмысымен танысты.
Шарада суретшілер Түркістан тарихынан сыр шертетін 12 көлемді шығарма жазып, ізденіс жұмыстарын музей қорына тапсырады. Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов симпозиумның маңыздылығы туралы айтты.
Оның айтуынша, фестиваль аясында халықаралық дәрежедегі ТМД елдерінен шақыртылған өнертанушы-сарапшылар салынған туындыларға анықтамалық сараптама жұмыстарын жүргізеді. Олар Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден келген.
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің профессоры Қалдыбек Беріштен фестиваль туралы пікірін білдірді.
— Бұл шара — Қазақстанда өтіп жатқан фестивальдердің ең ірісі. Осыған дейін тек суретшілер шақырылса, бұл жолы әлемдік деңгейдегі 9 өнертанушы қатысып жатыр. Өз саласында атақты өнертанушылар облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында жинақталған 500-ге жуық Батыс және Шығыс Еуропа өнері шығармаларының түпнұсқа екенін растайды. Картиналардың шынайылығы назарға алынып, олар каталогқа енгізіледі. Қазір салынып жатқан 12 суретшінің картиналарын да сол каталогқа енгізіп, халықтың назарына ұсынамыз. Осылайша, суретшілер туындылары арқылы Түркістан тарихын шетелге танытады, — деді Қ.Беріштен.
Келген әр суретші таңдаған тақырыбының аясында сурет салады. Қылқалам шеберлеріне көлемі 1,05 х 2,10 м құрайтын кенеп берілген. Олар Түркістан тарихы туралы өз туындыларын паш етеді. Толқын Табысбек — симпозиум қатысушыларының ішіндегі ең жасы.
— Көркем сурет колледжін Қытайда бітіргем. Менің шығармамда Есім хан Яссы атауын Түркістанға ауыстырып, астана болуға жарлық шығарып жатқан сәті көрсетілген. Бұл жерде Тайқазанды сыртқа символ ретінде алып шыққаны бейнеленген. Хәлім ботқа беретін арнайы астаулар болған. Осы картинаны жазу үшін мен бір жыл бойы арнайы әдебиеттерден сол заманның киімдері, қарулары, ат әбзелдері туралы мағлұматтар іздедім, — деді жас суретші.
Маусым айының 16 жұлдызында басталған фестиваль 27 маусымда «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстан бейнелеу өнері музейлерінің және облыс музейлері басшылары мен қызметкерлері қатысатын ғылыми конференцияға ұласпақ. Фестиваль ауқымды көрмемен аяқталады деп жоспарланып отыр.