Талдықорған қаласында спорттың 7 түрінен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиада өтіп жатыр. Дүбірлі сынға Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері қатысуда. Бүгін үш спорт түрінен жүлделер сарапқа салынды.
Облыс қоржынына алғашқы командалық алтын жүлдені үстел теннисі шеберлері салды. Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері барлық қарсыласын жеңіп, алтын жүлдені иеленді. Облыс намысын ерлер арасында Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Дамир Абенов абыроймен қорғады. Ал әйелдер арасында Ұлттық статистика бюросының жетекші маманы Айдана Оразбаева чемпион болды.
Қазақ күресінен Түркістан облысының балуаны, Бәйдібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қасымхан Төленбай чемпион атанды. Ол 74 келіде қарсылас шақ келтірмеді. Сөйтіп, чемпион атанды.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Аудит басқармасының бас маманы Лесхан Мейірбек +90 келіде қола жүлде еншіледі. Жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының балуандары үшінші орынды жеңіп алды.
Алдағы екі күнде кіші футбол, тоғызқұмалақ, бильярд және волейболдан жүлдегерлер анықталады.