«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Жетісай ауданының мәдениет күндерін «Visit Turkistan» орталығы алаңында аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков ашып беріп, Түркістан жұртшылығын облыстың 5 жылдығымен құттықтады.
Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Кештің арнайы қонағы, Қазақ эстрадасының жұлдызы жетісайлық Әбдіжаппар Әлқожа қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жалпы Жетісай ауданының мәдениет күндері үш күнге жоспарланған болатын. Шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі көпшілікті тәнті етті.
Ал екінші күні Жетісай ауданының мәдениет күндері ұлттық құндылықтармен толыға түсті. Этноауылда арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, т.б. ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстық Farab кітапханасында Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай қалалық драма театры әртістері «Қынсыз қылыш – Құрманбек» драмасын көпшілік назарына ұсынды.
Айта кетейік, аталмыш фестиваль тамыз айына дейін өтетін болады. Аудан-қалалар Түркістан қаласында апта сайын өз өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Келесі көшті 30 маусым – 2 шілде аралығында Мақтаарал ауданының өнерпаздары жалғастырады.