Жақында Отырар ауданында облыстық «Тәуелсіз ел ақындары» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен мүшәйра Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арналды. Жыр кешін Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл сайысқа Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының басшысы Айдар Сейдазым, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы және республикалық, облыстық ақындар айтысының жеңімпазы Дәурен Ақсақалов төрелік етті.
Жыр додасында қазылардың алқасының шешімімен 26 ақынның ішінде бас жүлде Дәурен Полатбаевқа бұйырды. Ал жүлделі I орынды Әлімжан Әлішер, II орынды Бауыржан Ерман, III орынды жерлесіміз, кентаулық Ердәулет Бұқарбай иемденді.Ердаәулет Бұхарбай жас ақын ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне айрықша үлес қосып жүрген жас ұстаз.
«Мархабат Байғұт» атындағы номинациямен Арқалық Әмәлият, «Әселхан Қалыбекова» атындағы номинациямен Умида Жүсіпбекова, «Қаныбек Сарыбаев» атындағы номинациямен Нұрғали Сердалиев,«Әбілда Аймақ» атындағы номинациямен Аян Қуаныш марапатталды.
Жыр мүшәйраның басты мақсаты халқымыздың мәңгілік құндылығы – «Тәуелсіздік» ұғымын ұлықтап, егемен еліміздің қозғаушы күші жастарға жаңа екпін беріп, рухани құндылықтарға бағыттау болып саналады.